«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮТПЕГЕН КЕЗДЕСУ

Өмір – дастан. Оның әр парағын ашқан сайын неше түрлі оқиғаларға куә боласың. Газетімізде “Оқырманның жүрек сыры” айдарымен жарияланып келе жатқан ашық әңгімелердің әрқайсысының өзіндік айтары бар. Бүгін біз оқырмандар назарына Қызылжар қаласының тұрғыны Гүлзәуреш Үсенованың басынан өткен оқиғаны ұсынып отырмыз.

Мен өзім Қызылжар қаласында қарапайым отбасында туып-өстім. Зейнет демалысына шыққанша темір жолда жолсерік болып істедім. Бүгінде о дүниелік болған отағасым екеуміз шаңырақ құрып, Алла берген Қайрат, Ойрат, Алма, Сәуле есімді ұл-қыздарға өмір сыйладық, оқытып, ел қатарына қостық. Өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді ғой, тұла бойымды жарып шыққан тұңғышымнан қапылыста көз жазып қалдық. Мен үшін ол үлкен соққы болды. Бірақ, амал қанша? Жылағанмен өмірден өткен адам қайтып келмейді. Қазір келінім Ленамен, немерелеріммен араласып тұрамын.

Көңілге демеу, көзге қуаныш сыйлаған қалған балаларым аман-есен ержетті, оқып, білім алды. “Ұлымды – ұяға, қызымды қияға қондырып”, бейнетімнің зейнетін көріп отырған қариялардың бірімін. Бұл күнге де жеткеніме шүкіршілік айтамын. Басымда баспанам, қасымда өркен жайып, өсіп келе жатқан немере-жиендерім жүр, осының өзі мен үшін үлкен бақыт.

Мен темір жолда жұмыс істегенде талай адамдардың тағдыры жайында түрлі әңгімелер естіп, талайын көзбен көрдім. Көбінесе мұқтаж жандарға қолымнан келгенше жақсылығымды да аямауға тырыстым. Себебі, біз бәріміз пендеміз. “Адамның күні адаммен” деп бекер айтылмаған.

Әлі есімде, осыдан біраз жыл бұрын үй-күйсіз, қаңғырып жүрген Нейля есімді орыс әйелін қамқорлығыма алып, адам қатарына қосылуына ықпал еттім. Ол көріністі сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Тағдырдың тәлкегіне түскен қаңғыбас әйелді оған дейін де бірнеше рет қоқыс жәшігінің қасынан байқап қалған едім. Бірде өтіп бара жатып дұрыстап жүзіне көз тоқтатсам, таныс адам сияқты көрінді. Үйге барып, біраз ойландым. Ақыры оны өзім жұмыс істеген жерде көргенім есіме түсті. Ол кезде Нейля темір жолда бас техник болып еңбек еткен. Бірақ біз қоян-қолтық араласқан жоқпыз. Оның кескін-келбеті маған содан таныс болып шықты. Бір кездері татулығы жарасқан ортақ ұжымда еңбек еткен адамның мұндай күйге душар болғанына шыдай алмай кеттім. Содан оны қоқыс жәшігінің қасында қатқан нанды кеміріп тұрған жерінен тауып алып, әңгімеге тарттым. Алғашында иліге қоймады. Қоярда қоймай үйіме алып келдім. Үсті-басында саутамтық жоқ, қараған адамға жиіркенішті көрінген әйелді жуындырып, дәрігерге апарып, денесіндегі жараларын емдетіп, адам қалпына келтірдім. Нейляның өзгеріп шыға келгенін көргенде шыны керек, көзіме ыстық жас үйірілді. Байғұс әйелге қарап тұрып, “Адам ит жанды” деген сөздің шындығына көзім жетті.

Бір жерде табан аудармай отыз бес жыл еңбек еткен Нейля Михайловнаның басынан өткерген қиыншылығы бір адамға молынан жетіп жығылады екен. Үлкен ұлы Андрей Отан алдындағы борышын өтеп жүріп, өкпе ауруына шалдығып, сол сырқаты жазылмай дүние салған. Қыршын кеткен ұлының ажалы анаға өмірдің ең бір қатты соққысы болып тиеді. Баласынан кейін көп ұзамай жұбайы да өмірден озып, қайғы үстіне қайғы жамалып, зар илеп жүргенде кенже баласы Михаил да қаныпезерлердің қолынан қаза табады. Қатал тағдырдың мұндай сынына шыдай алмаған ана өмірден түңіледі. Көз алдында ғайып болған жақын адамдарынан қол үзіп қалғаннан кейін Нейля өзіне-өзі жат адамдай беті ауған жаққа бас сауғалап кетіп қалады. Кенеттен үзілген үш бірдей үміт оты оның жүрегіне жазылмас жара салып, күннен-күнге тұңғиыққа батырады.

Ішін жалмаған қайғы отын ащы сумен басып, бар нәрсені сол қалпында қабылдаудан бас тартады. Өмірдің мәнін жоғалтып, сын сағатта өзіне сүйеніш таба алмай, ішімдікке әбден салынып кеткен келінін енесі күндердің бір күнінде үйден қуып жібереді. Ақыры туғандарының мұншалықты қатыгездігін көтере алмаған Нейля айналасы бес-алты жылдың ішінде мүлдем басқа адамға айналып, қаңғыбастардың қатарына қосылып, маскүнем әйелге айналады. Ол кезде Нейля өзіне тиесілі зейнетақысын алып жүрген. Бірде бөтелкелес достары оның қолындағы ақшасына қызығып, соққыға жығып, тонап кеткен. Алған соққыдан байғұс әйел ес-түсінен айрылып, қайдан келгенін, кім екенін де ұмытып қалады. Осылайша, мәңгүрт халде қаланы аралап, қоқыстардан сасыған, қатқан тамақ жеп, жанын сақтап біраз жыл жүрген. Күндердің бір күнінде ол байғұсты тағдырдың өзі менің үйімнің жанына әкеліп, екеумізді жолықтырған ғой деп ойлаймын. Әйтпесе, қалада қаншама қоқыс жәшігі болса, сонша қаңғыбас адам бар емес пе?

Дәл сол күні Нейляны шырамытып, қасына жақындап барып, сөйлеспегенде бұл бейбақтың одан кейінгі тағдыры не боларын кім білсін?..

Өмірде адамдарды адастыратын да, табыстыратын да тағдыр. Бір кезде әдемі киініп, жақсы ұжымда жауапты жұмыс атқарған Нейля үшін менімен кездесу жаңа өмірге басталған баспалдақтың бірі болды деп айтсам артық кеткенім болмас. Ол менің үйімде бір жарым жылдай тұрды. Денсаулығы жақсарып, біраз есін жиып, жан-жағына бейімделе бастады. Ол бастапқы кезде нан, сүт әкел деп берген ақшаға арақ алып ішіп қоятын. Ондай жаман әдетін көрдім, бірақ көнбедім. Ақырындап, жылы-жылы сөздер айтып, жүрегіне жол тауып, арақтың зардабынан басқа жақсылығы жоқ екенін түсіндіріп, санасына құйғандай болдым. Нәтиже мен күткендей болды. Яғни, ол араққа тәуелдігін жойып, саламатты өмір салтына бейімделе бастады. Ол да біздің ортақ жетістігіміздің бірі болды.

…Бір күні Нейля бөлмеде жалғыз отырғанда өзінен-өзі айқайлап жіберді. Шошып кеттім. Жүгіріп қасына барғанда оның қуаныштан бал-бұл жанған жүзін көрдім. “Менің есіме бәрі түсті, әке-шешемнің кім екенін, қайда тұратынымды білемін…” – деп балаша жылап жіберген ол жанталаса қолына қалам мен қағаз алып, телефон нөмірін жазды. Мен сенер-сенбесімді білмей бір орында қаққан қазықтай тұрып қалдым. Бір тілім қағазды ала сала дереу байланыс орталығына хабарласып, “Мынадай мекенжайда кім тұрады, телеграмма салып жіберіңіздерші, жауап тосамыз”, – деп тұтқаның арғы жағындағы адамға мән-жайды толық түсіндіріп бердім. Шынымды айтсам, сол жолы екеуміз де қатты қобалжыдық. Біз үшін уақыт бір орында тұрып қалғандай әсер етті, тіпті, сағат тілі қозғалмайтындай көрінді.

Ертесіне кешқұрым телефон шыр ете қалды. Сол мезетте екеуміздің де жүрегіміз аузымызға тығылғандай болды. Тұтқаны Нейля көтерді. Арғы жағынан туған анасының дауысын естіген кезде оның “Мама! Мама!” дегеннен басқаға шамасы келмеді. Анасының мейірімге толы сөздерін естігенде етжүрегі елжіреген Нейляның көзінен парлап аққан жас әжім басқан қатпар-қатпар беттерінен сорғалап ағып, моншақтай үзіліп, жерге түсіп жатты. Бұл көріністі сыртынан байқап тұрып, мен де шыдай алмай кеттім. Бір сәтте Нейляның бар өмірі өзгеріп, басына төнген бақытсыздық бұлты сейіліп, шаттық сезіміне бөленді де кетті. Анасы мен қызының бірін-бірі тапқанына өз септігімді тигізгенім үшін мен де қуандым.

Мәскеу қаласында тұратын Нейляның ата-анасы қартайған адамдар екен. Белгілі себептерге байланысты қыздарынан төрт жыл бұрын көз жазып қалған олар Нейляны іздеген, бірақ таба алмаған. Жалғыз қыздарынан хабар ала алмаған ата-анасы денсаулықтарына байланысты оны іздеп келе алмаған. Бірақ үміттерін үзбеген. Ақыры ана тілегі қабыл болып, көзінің қарашығындай жалғызын тауып, бауырына басу сәті түсті. Енді тек қана ана мен қызын бірнеше мың километрге созылған жол ғана бөліп тұрды. Көп ұзамай ол белесті де бағындырдық.

Сол күннен бастап Нейляның бір ғана арманы болды. Ол – қалайда Мәскеуде тұратын әке-шешесіне, туған-туыстарына жету еді. Діттеген жерге жету үшін заңды орындарға хабарласып, оған қажетті құжаттар, виза жасаттық.

Арада бірнеше күн өткен соң Нейля екеуміз жолға шықтық. Сөйтіп, аз уақытта Мәскеуден 300 километр қашықтықта тұратын туған жері Липецк облысының Елемеск қаласында тұратын ата-анасына жеттік. Бұл кездесуді еске алсам, әлі күнге жүрегім толқып, көзіме жас келеді. Бірнеше жыл бойы хабар-ошарсыз жоғалып кеткен қызын анасының тағатсыздана тосып алғанын, онымен жылап көріскенін айтып жеткізуге тіпті тілім жетпейді. Алпыстан асқан әйелдің балаша қуанып, анасының мойнынан қапсыра құшақтап, кеудесіне басын қойып, еңірей жылағанын мен сол жерде бірінші рет көрдім. Бұл, әрине, бақыттың жасы.

Тағдырдың тепкісіне қарсы тұра алмай, сынып кетсе де, адасып жүріп, қоғамдағы қалыпты өмірге қайта оралған орыс әйелін осылайша қоқыстың қасынан тауып алып, әке-шешесіне, бауырларына апарып қостым. Бұл мен үшін сауабы мол үлкен іс болды деп ойлаймын. Анасы мен қызын бірнеше жылға айырып жіберген қатал тағдырға кім кінәлі деп бұл өрбіген әңгімеге әркім әртүрлі ой қосуы мүмкін? Алайда, ол жағы басқа әңгіме. Ең бастысы, ел аман, жұрт тынышта бірін-бірі жоғалтып алған ең жақын адамдар қайта табысты.

Адам үйден қырық қадам шыққан соң, мүсәпір. Яғни, ешкімі жоқ, жетім деген сөз. Ал қазақта “Жетім көрсең, жебей жүр” деген жақсы сөз бар емес пе?! Осыны ескере келе мен де адасқан бір бейбаққа қол ұшымды беріп, еліне, туған ортасына оралуға барымды салып, көмектестім. Және ол шешіміме өкінбеймін. Керісінше, жоғалғанға жол көрсетіп, оның қараңғы өміріне жарық түсіріп, қиын кезде демеу болып, қайырымды іске жарағанымды Жаратқанның мен үшін берген бір сыны деп қабылдаймын.

Нейляны үйіне дейін апарып, ата-анасының қолына табыс еткеннен кейін, оның туыстарымен жақын таныстым. Ата-анасы сол кезде тоқсаннан асқан қарт пен қария екен. Зәулім үйі мен бар жиған-тергенін қызына деп сақтаған олар маған алғыстарын жаудырып, алдағы уақытта қонаққа келіп, отбасымызбен араласып тұруды сұрады.

Қасымда өткізген бір жарым жыл ішінде маған әбден бауыр басып қалған Нейля кетерде: “Сіз менің екінші анамсыз”, – деп шын жүрегінен шыққан ризашылығын жеткізді.

…Дала кезіп, қаңғырып, қарны ашқанда жейтін бір үзім нан таба алмай, кей кездерде шөпті қалғажау еткен Нейля бақуатты үйдің жалғыз қызы болып шықты. Мен оны ата-анасына 2003 жылы апардым. Содан кейін де олардың отбасымен біраз жыл хабарласып тұрдық. Қарттар өмірден өткен соң, ол басқа туыстарының қасына көшіп кетіпті. Соңғы мекенжайын білмеймін. Қалай болғанда да қазіргі оның өмірі жақсы болар деп үміттенемін. Бастысы, ол қаңғырып далада қалған жоқ, туған-туыстарының қасында. Мен үшін маңыздысы да сол.

Жазып алған

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp