Соңғы кездері облыс орталығында құрылыс жұмыстары қарқын алып, сәні мен сәулеті келіскен заманауи ғимараттардың бой көтеруімен көне шаһардың келбеті өзгерді. Біртіндеп баспана мәселесі де шешімін табуда. Әсіресе, жас отбасыларға жеңілдікпен пәтер алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалардың пайдасы зор екенін жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, кейде біреудің жауапкершілігінің төмендігі көп адамның, отбасының баспанаға қол жеткізуіне кедергі келтіруі мүмкін.
“Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде” ақша жинап, баспана алу кезегімізді тосып жүргенімізге бірнеше жыл болды. “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша Сенная көшесінің бойында салынып жатқан 75 пәтерлі панельді тұрғын үйлердің бірінен баспана алуымыз керек болатын. 2018 жылы пайдалануға берілуі тиіс үй құрылысы уақытында бітпеді. Мердігер компания өкілдерінің жауапсыздығының салдарынан ондаған отбасы пәтердің кілтіне қол жеткізе алмай отыр. Жергілікті әкімдік құрылыс компаниясын сотқа бергенімен сот компания жұмыстың елу пайыздан астамын орындағандықтан, Петропавл қалалық құрылыс бөлімінің арызын қанағаттандырмады.
Бағдарлама талаптарына сәйкес, алғашқы жарна үшін көпшілік несие алуға мәжбүр болды. Қазіргі таңда жалдамалы баспана мен несиені қатар төлеу қиындық туғызуда. Осыған дейін тұрғын үйдегі пәтерлер салымшылар арасында бөлініп, әрқайсымыздың баспанамыз нөміріне дейін белгілі болған еді. Алайда, бізді алаңдатарлық тағы бір жайт орын алды. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес баспана алуға қажетті құжаттарды қайта жинап, төлем жасауға қабілеттілігімізді дәлелдеуіміз керек. Осыған дейін барлық талаптар бойынша өтіп, жақында қоныстойын тойлаймыз деп жүргенде, енді баспанасыз қаламыз ба деген алаңдаушылық басым.
Құрылыс компаниясының өкіллдері осыған дейін жұмыстар аяқталуға жақын деп үміттендіріп келді. Алайда, аяқталған құрылыс, берілген баспана жоқ.
Баспаналы болу – әр адамның арманы. Ал оған қол жеткізу үшін тірнектеп қаржы жинаған халықтың сенімін аяққа таптаған құрылыс компаниялары қаншама адамға қиянат жасап жатқандарын түсіне ме екен?!
Жанат БЕКБЕРГЕНОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны.