2021 жылдың 24 қазанынан “Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң күшіне енді. Бұл мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар шеңберінде мүгедектігі бар азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында жасалып отыр.
Заңға сәйкес мүгедектік себебіне қарамастан, І топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім жасайтын азаматтарға жәрдемақы беру көзделген. Күтім көрсететін адамға жәрдемақы бірінші топтағы мүгедек өтініш жасаған күннен бастап, мүгедектік белгіленген бүкіл кезеңге тағайындалады және төленеді. Жәрдемақы мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 48023 теңгені құрайды. Отбасында екі және одан да көп бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі адам тұрған жағдайда, күтім жасайтын адамға жәрдемақы олардың әрқайсысына тағайындалады және төленеді.
Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан мен күтім жасайтын адам бір елді мекенде тұруы тиіс. Жәрдемақы тағайындау туралы өтініш пен қажетті құжаттар мемлекеттік корпорация арқылы тапсырылады. Сондай-ақ “электрондық үкімет” веб-порталы арқылы да беруге болады. Бірінші топтағы мүгедектік алғаш рет белгіленген кезде тұрғылықты жері бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне де өтініш жасауға құқылы.
Жәрдемақыны тағайындау үшін өтінішті, сондай-ақ мынадай құжаттарды ұсыну қажет:
1) көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);
2) күтім көрсетілетін адамға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленген жағдайда – күтім көрсетілетін адамға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжат;
3) мүгедектік туралы анықтама.
Күтім жасаушы адам үшін:
көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);
қандас мәртебесі бар адамдар жәрдемақы тағайындауға жүгінген жағдайда сәйкестендіру үшін қандас куәлігін ұсынады;
жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтерді растайтын құжат (сәйкестендіру үшін);
күтім жасау үшін айқындалған адамның әрекетке қабілеттілігі туралы мәліметтер жеке басты куәландыратын құжат бойынша (ЖТМД ақпараттық жүйесінде) тексеріледі;
психикалық денсаулық сақтау орталығында есепте тұру фактісінің болмауы туралы мәліметтер.
Күтімді жүзеге асыратын адамға жәрдемақы кәмелетке толмаған жағдайда, ол заңды күшіне енген сот шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылғанда, психикалық саулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда есепте тұрғандарға, бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан толық мемлекеттің қарамағында болған жағдайда тағайындалмайды.
Сондай-ақ баланың денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделген. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін жәрдемақының мөлшері бірдей және 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе 48023 теңгені құрайтын. Енді 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балалардың жәрдемақы мөлшері 16,7 пайыздан 37 пайызғаға дейін ұлғайтылды. І топтағы мүмкіндігі шектеулі бала – 1,92 ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе 65860 теңге, ІІ топтағы бала – 1,59 ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе 54541 теңге, ІІІ топтағы бала өзгеріссіз, яғни 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе 48023 теңге мөлшерінде жәрдемақы алатын болады.
Сонымен қатар зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға да өзгеріс енгізілді. Егер бұған дейін зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтіліне 16 жасқа дейiнгi мүгедек баланы бағып-күткен уақыт алынса, енді еңбек өтіліне 18 жасқа дейiнгi мүгедек баланы бағып-күткен уақыт алынатын болады.
Сондай-ақ жаңа заңда мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды қатар алу құқығын беру көзделген. Бұған дейін мүгедектігі бар балалар мүгедектігі немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақының біреуін ғана алатын. Яғни таңдауы бойынша тек бір ғана жәрдемақы төленетін. Бұл өзгеріс асыраушысынан айырылған және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Гүлбақыт МАНАБАЕВА,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.