«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮШ — БІРЛІКТЕ

Елорда төріндегі Бейбітшілік және келісім сарайында “Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт” тақырыбында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясына қатысу бақыты маған да бұйырды. Шараға қатысқан 1500-ден астам адамның 43-і Солтүстік Қазақстан облысынан барған делегация мүшелері болды. Бұл жерде бірлік пен ынтымақтан бөлек, әлемдік ауқымдағы мәселелер, экономикалық және саяси тақырыптар туралы сөз қозғалды. Осыдан-ақ бұл жиынның маңыздылығы жоғары болғанын ұғамыз.

Қазақ халқы: “Байлық байлық емес, бірлік байлық”, дейді. Яғни, біз үшін елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығынан артық қазына болған емес. Тәуелсіздік алғаннан кейін де ешкімді кемсітпей, тілі мен ділін жәбірлемей, барлық азаматтарға тең құқық беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. “Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – ел бірлігі болуы керек” екенін Елбасы да орайы келгенде айтып отырады. Мемлекет басшысы бұл жолы да достық, татулық еліміздің игілігі екенін атап көрсетіп, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімін нығайту жолында бәрімізді де қажыр-қайрат жұмсауға шақырды.

Елбасының “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты халыққа Жолдауында: “Этносаралық келісім – ол өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады – біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды. Біздің жастарымыз жаңа, тәуелсіз елде өсіп келеді”, – дегені жадымызда.

Президент жыл сайынғы Жолдауларында ел бірлігін бекемдей түсуді ойлап, жас ұрпақтың өсіп-өнуін, алаңсыз өмір сүруін құптайды. Сол секілді 1995 жылдан бастап өтіп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясының да дәстүрін сыйлап, тілі мен дінін құрмет тұтатын жастарды тәрбиелеуге, осылайша ынтымағы жарасқан елге айналуымызға үлесі зор. Отанымыз – біздің алтын шаңырағымыз. Ендеше тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз татулық болып қала береді.

Роза ӘМІРИНА,

Ақанбарақ орта мектебінің директоры.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp