«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР АРАСЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫС АЗАЙДЫ

Облыстық ювеналдық полиция өткізетін алдын алу шаралары кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты азайтуға мүмкіндік берді. 

Кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыстың саны 30 пайызға және балаларға қатысты жасалатын қылмыстың саны 22 пайызға азайды. Бұл жайлы облыстық полиция департаменті жанындағы консультациялық-кеңесші органның кезекті отырысында айтылды. Отырысты ашқан консультациялық-кеңесші органның төрағасы Жасұлан Ахметов кәмелетке толмағандардың құқықтық санасын нығайтудағы құқық қорғау органдары, білім беру мекемелері қызметкерлерінің, қоғамдық ұйымдардың рөлін атап өтті. Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция майоры Александр Розбахтың айтуынша, жасөспірімдердің түнгі уақытта көңіл көтеретін орындар мен көшелерде жүруін анықтау үшін апта сайын рейдтер өткізілді. Іс-шара нәтижесінде түнде қыдыруды ұнататын 2 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала ұсталды. Олардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 18 көңіл көтеру иесі кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта барлар мен клубтарда жүруіне жол бергені үшін жауапкершілікке тартылды. ҚР “Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы” кодексінің 132-бабы 10-нан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 25 мыңнан 126 мыңға дейін айыппұл салуды көздейді. 21 жасқа толмағандарға алкоголь сатудың 85 фактісі анықталды. Бұл жағдайда сатушыға айыппұл салынып қана қоймай, ішімдік сату құқығы тоқтатылады. Полицейлер заңды өкілдермен профилактикалық жұмысқа ерекше көңіл бөледі. Жыл басынан бері 400-ден астам солтүстікқазақстандық балаларды тәрбиелеу жөнiндегi өз мiндеттерiн тиісті орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 28-і ата-ана құқығынан айырылды.
Консультациялық-кеңесші орган мүшелері мен полицейлердің талқылаған тағы бір тақырыбы – қоғамды дүр сілкіндірген қылмыстарға жедел ден қою мәселесі болды. Тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Қайрат Қасымбеков барлық оқиғалар туралы мәлімет заңнама аясында объективті түрде ұсынылады. “Жұртшылыққа мәлімет ұсынған кезде қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарын бұзуға жол беруге болмайды”, – деді полицейлер.
Консультациялық-кеңесші органның жұмысын қорытындылаған облыстық полиция департатментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев: «Азаматтардың барлық өтініштеріне жедел ден қою полиция жұмысының ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз етеді. Осы фактор азаматтардың сеніміне ие болуға септігін тигізеді», – деп атап көрсетті.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp