«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІБИ БІЛІМНІҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ

Күн санап өзгеріп жатқан бүгінгідей жаһандық бәсекелестік жағдайында дамыған елдер қатарына қосылуда ғылыми-техникалық, ақпараттық-технологиялық салалардың, сондай-ақ адами капиталды жаңғыртудың, сана-сезіміміз бен дүниетанымымызды түбегейлі өзгертудің өміршеңдігі өте маңызды. Жаңалықтарды жатсынбай жан дүниемізбен қабылдайтын болсақ, кемелдене түсеріміз анық. Петропавл жоғары құрылыс- экономикалық колледжі оқытушыларының негізгі міндеттерінің бірі– бүгінгі заманға лайық саламатты, саналы, рухани бай, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өресі биік ізбасарлар тәрбиелеу. Бұл ретте колледж басшылығы күнделікті қызметінде сапалы білім берудің тиімді жолдарын жүйелі түрде қарастырып отырады. Модульдік оқу бағдарламалары, кредиттік-модульдік білім беру инновациялық технологиялар кеңінен қолданылады. Әр студенттің жоғары талаптарға сәйкестігі, еңбек нарығының қажеттіліктері мен сұраныстары және аймақ экономикасының, құрылыс саласының даму перспективалары жете ескеріледі.

Қазіргі уақытта колледжде 1100- дей студент білім алады. Биыл 70-тен астам түлегіміз техник-құрылысшы және техник-технолог мамандықтарын игеріп шықты. Шәкірттеріміз келісілген еңбек шарты негізінде «Основание», «СК Пилон», «Ash stroy» кәсіпорындарында, «Солтүстік Қазақстан облысының рестораторлар мен қонақүйлер қауымдастығы», «Семенов» ЖК, «Сластена» кондитер цехында өндірістік тәжірибеден өтеді. Ай сайынғы 41800 теңге шәкіртақыдан бөлек, жұмыс істей отырып, күнделікті нәпақаларын айырады. Студенттер жатақханамен қамтамасыз етілген. Оларға қалыпты әлеуметтік жағдай жасаудың мүмкіндіктері жан- жақты қарастырылған.

«Баршаға арналған тегін кәсіптік- техникалық білім» жобасын іске асыру шеңберінде жыл сайын техник-құрылысшы, аспаз, тамақ өнеркәсібінің техник-технологы, кең бейінді шебер-құрылысшы, газ объектілерінің жабдықтарын пайдалану жөніндегі техник, электр газбен дәнекерлеуші, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуші, заңгер және бухгалтер мамандықтары бойынша түлектер ересек өмірге жолдама алады. Кәсіби құзыреттілігі уақыт талабына толық жауап беретін, бәсекеге қабілетті, жұмыс берушілердің көңілінен шығатын білікті жұмысшылар мен орта буын мамандар даярлау әркез басты назарда болмақ. Солтүстік аймақты жұмысшы мамандарымен толық қамту мақсатымен мектеп түлектеріне кәсіптік бағдар беру дәстүрі орныққан.

Елдің болашағы білімді жастар екені даусыз. Осы себепті адами капитал сапасы әркез маңызды болып қала береді.

Бибігүл БЕКТЕНОВА,

Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжі лингвистикалық орталығының төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp