
Петропавл қаласында құрылысшы мамандығын таңдаған студент жастар арасында кәсіби шеберлік сайысы өтті. Оған облыстың құрылыс ұйымдары мен Петропавл құрылыс-экономикалық колледжiнiң студенттерiнен жасақталған бес команда қатысты.
Сайысты ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов шараның ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналғанын атап көрсетті.
– Бүгінгі күні елімізде жұмысшыларды даярлауға көп көңіл бөлінуде. Осыған орай бiз кәсіби шеберлік байқауын өткiзiп отырмыз. Бұл кәсiби бiлiктiлiктi арттыруға, жұмысшы мамандықтарын, әсiресе, құрылысшы кәсiбiн насихаттауға септiгiн тигiзедi. Өңiрде мемлекеттiк тапсырыс бойынша салынған ғимараттар саны былтырғымен салыстырғанда көп, – деді Ерік Хамзаұлы.
Содан кейін студенттер мен кәсіпорындардың жас жұмысшылары арасында өткен “WorldSkillsKazakstan” сайысының жүлдегері Роман Шишкин қатысушыларға сәттілік тіледі.
“Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламасының аясында қолға алынған шара Ж.Қизатов көшесiндегi “Основание” және Береке шағынауданындағы “Севимсталькон” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері салып жатқан 126 және 80 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңдарында өтті. Екі күндік сайыс барысында қатысушылар кiрпiш қалап, жылдамдық пен сапа бойынша сынға түсті. Сондай-ақ, байқау барысында тәжірибелі тасқалаушылар Петропавл құрылыс-экономикалық колледжiнiң студенттері үшін шеберлiк сабағын өткiзді.
Қазылар алқасының өкілдері болса, екі күн бойы қатысушылардың кәсiби бiлiктiлiктерi мен шеберлiктерiн, бiрлесiп жұмыс iстеу дағдыларын бағалап, атқарылған жұмыстың көлемi мен сапасына назар аударды.
Атап айтқанда, Жәлел Қизатов көшесiндегi 126-пәтерлiк тұрғын үйдiң құрылыс алаңында “Основание” ЖШС-нің бригадасы жеңімпаз атанып, оларға 400 мың теңгенiнің сертификаты табысталды. Екiншi орынға ие болған “Неопар” ЖШС-нің өкілдері 300 мың теңгенi еншiлесе, үшiншi орынға тұрақтаған Петропавл құрылыс-экономикалық колледжiнің шебер оқытушысы Орал Төлебаевтың студенттер бригадасы 200 мың теңгеге қол жеткізді. Ал Береке шағынауданындағы екiншi нысанда “Стройкомпания” серіктестігінің бригадасы жеңіске жетсе, “Титан-Север” ЖШС-нің өкiлдерi екінші болды. Олар сәйкесінше, 400 және 300 мың теңгенің сертификатымен марапатталды. Оқытушы-шебер Асқар Қотыртауов басшылық еткен Құрылыс-экономикалық колледжiнiң командасы 200 мың теңгенiң сертификатына ие болды. Сонымен қатар, кәсiби шеберлік байқауын өткiзуге белсендi қатысқаны үшiн бір топ азамат облыс әкiмiнiң Алғыс хатымен мараптталды.
Салтанатты шара соңында студент жастармен кездескен өңір басшысы аталған байқаудың мамандар мен студенттер үшiн маңызын атап көрсеттi.
– Бүгiн облыстың алты колледжiнде құрылыс саласында 975 жас бiлiм алуда. Түлектердің 97 пайызы облысымызда жұмыспен қамтылады. Бұл құрылысшы мамандығының сұранысқа ие екенiн аңғартады. Кәсiби шеберлік байқаулары мамандар арасында бәсекелестiктi арттырып, тәжiрибелерiн молайтуға оң әсерiн тигiзедi деп сенемiн. Мұның барлығы өз кезегiнде өңірімізде сапалы тұрғын үйлер мен әлеуметтiк нысандар салуғаүлесiн қоспақ, – деп атап өттi Ерiк Хамзаұлы.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.