Петропавл қаласында І деңгейлік курста оқып жүрген тыңдаушылар өз арамызда “Сенім” кәсіби қауымдастығын құрдық. Бұл қауымдастыққа дарынды балаларға мамандандырылған гимназиядан Ж.Қаржауова, Р.Айтжанов, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептен Ш.Темірханова, №7 орта мектептен С.Қоқышева, №31 негізгі мектептен С.Қоқышева сынды мұғалімдер кірді. Ондағы мақсат – мектепаралық кәсіби қауымдастықты дамыту барысында тәжірибе алмасу арқылы білім ошақтарында болып жатқан өзгерістермен бөлісу, өз мектебіміздің даму бағытына оң ықпал ету, өзгенің жақсы жақтарын алып, тиісті өзгерістер енгізуге дайын болу.
Ол үшін қауымдастықтың арнайы жоспарын құрдық. Онда тәжірибе барысында аптасына, одан кейін тоқсан сайын бір рет белгілі мектепте кездесіп, білім беру барысында кездескен проблемаларды нақтылау, талдау, бір шешімге келу, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыс түрлерін өзара салыстыру, қорытынды жасау көзделді. Білім беру саласында зерттеу жүргізу әдістемесін білу, меңгеру және әріптестерімізді мектептің кәсіби қауымдастығы аясында зерттеу жүргізу әдістеріне үйрету де қарастырылған. Елімізде (халықаралық деңгейде) құрылған қауымдастықтар туралы хабардар болу, олардың жұмыс барысымен танысу, қажетіне қарай байланысқа түсу қажет.
Біз курстың екінші тәжірибе кезеңінің алғашқы алты аптасы бойынша жоғарыда аталған міндеттерді жүзеге асыра бастадық. Атап айтсақ, осы бағытта мектепішілік кәсіби қауымдастық құруға себепкер болдық. Оған қауымдастық құрамында жоқ, бірақ ол үшін маңызды бола алатын және одан өзіне керегін ала алатын мұғалімдерді тартуға тырыстық. Жоспар бойынша қалалық деңгейде бірнеше кездесу өткіздік. Кездесулер барысында ортамерзімді жоспарлаудың, мінсіз сабақ жоспарының ортақ үлгісін жасадық, мектептердегі деңгейлік курстан өткен әріптестерімізбен танысып, “дөңгелек үстел” барысында көкейімізде жүрген көптеген мәселелердің басын аштық.
Қауымдастық құру, оған кіру – әдістеме, нақты оқыту мәселелері бойынша көкейде жүрген сан алуан сауалдарды шешуде таптырмас құрал. Сонымен қатар мектеп қызметін жетілдіруге үлес қосу үшін басқа білім ошақтарының көшбасшы командаларымен бірлесіп жұмыс істеу жаңа тәжірибе қалыптастыруға, оларды дамытуға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде кәсіби дәрежеде оқытудың жаңа тәсілдері қалыптасып, мұғалімдер әдістеменің жаңа мүмкіндіктерін меңгеруде. Мектепаралық өзара тәжірибе алмасу үрдісі қалыптасып, оқыту мен оқу тәжірибесіне өзгеріс енеді.
Мектеп жағдайында мұғалім, оқушы, ата-ана арасындағы ажырамас бірліктің болғаны абзал. Бізде көп жағдайда ата-ана сырт қалады. Қауымдастық аясында ата-ана – білім беру ұйымының оқу-тәрбие ісіне белсенді қатысушылардың бірі. Осылайша, ата-аналар мектептің жай-күйін біліп, балаларының қаншалықты сауатты білім алып жатқанына сырттай емес, тікелей бақылау жасай алатын болды.
Қауымдастық құру арқылы барлық мәселе шешіледі деп кесіп айту қиын. Алда талай қиындықтар кездесері анық. Тиімді кәсіби қоғамдастықтың ең басты ерекшелігі – сенімділік. Сонымен қатар біздің барлық әрекеттеріміз ынтымаққа негізделген.
Зухра АУҒАНБАЕВА,
“Сенім” кәсіби қауымдастығының мүшесі.