«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІБІМ — ӨМІРІМНІҢ МӘНІ

Халық санасымен, ұлттық және ғаламдық таныммен тығыз табысқан журналистика саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, қалам мен қағазды өмірлік серігі еткен аяулы жандардың тілегі қашанда бір, ол – ел игілігіне қызмет ету. Ахмет Байтұрсынұлының “Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі” деген нақыл сөзінің мағынасын терең ұғынып, осы жолда абыройлы еңбегімен еленіп жүргендердің бірі – аудандық “Тайынша таңы” ЖШС-нің директоры Гүл Нұралина. Басшылық қызмет пен тілшілікті қатар алып жүрген қаламгермен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Тілшілікті қалауыңызға не түрткі болды? Журналистика саласына қалай келдіңіз?

– Жастайымнан әдебиетке құмар болдым. Оқушы кезімде республикалық «Қазақстан пионері» газетін асыға күтетінмін, қолға тиісімен мұқият оқып шығатынмын. Сол кездегі балалар жазушылары Ақұштап Бақтыгереева, Роза Қунақова, Сансызбай Сарғасқаевтың әңгімелері мен өлеңдерін іздеп жүріп, қызыға оқитынмын. Есейе бастаған шағымда повесть, романдарды оқыған кезімде бар дүниені ұмытып, таң атқанша кітаптан бас алмаушы едім. Дастарқан басында тамақ ішіп отырғанда да қолымнан кітап, газет түспейтін. Мұның бәрі арманға ұласып, кейін журналист болуды қаладым. Бұл салаға келуге әкем Жамаш Нұралыұлының да ықпалы болды. Ол кісі өмірінің 45 жылын ұстаздыққа арнаған, десек те шығармашылыққа – ән-жырға, қазақтың қара сөзі мен поэзиясына көп мән берген жан болатын. Үнемі газетке мақала жазып отыратын. Әкеме көп еліктедім. Мектеп бітіре сала 1977-1978 жылдары Ақмола облысының Еңбекшілдер аудандық газетіне тілші болып орналасып, еңбек жолын бастадым. Газеттің әр санында елдегі болып жатқан жаңалықтарды, әсіресе, ауылдың, туып-өскен өлкемнің тарихын зерттеп жазуға ден қойдым, ел аузында жүретін әзіл-қалжыңдарды да жазып алып, көпшілік назарына ұсындым.

– Сіздің ойыңызша, мықты журналист болу үшін адамға қандай қасиет қажет?

– Менің ойымша, кәсіби шеберлік және адамның жан дүниесін түсінетін ерекше көзқарас болуы шарт. Жұмысыңа деген үлкен жауапкершілік те ауадай қажет. Газет бетінде ақ пен қараны ажырата айтып, әділдіктің қашан да қымбат екеніне көз жеткізу журналистің парызы болмақ. Себебі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамдағы кемшін тұстарды түзеп, соларды жоя алатынымыз анық. Қаламгерлер ел абыройын асқақтату жолында жүрген азаматтарды насихаттап, тарих беттерінде кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалатындай еңбек етсе, мұндай жандар ел құрметіне бөленері сөзсіз.

– Сіз басқаратын аудандық газеттің қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз.

– Аудандық газетімізге биыл – 10 жыл. Бұл ұжым туралы қандай да бір мақтаныш сөз айту үшін өте аз уақыт, дегенмен де, бірнеше жақсы істердің бастау алғаны еңбегіміздің зая кетпегенін байқатады. Алғашқы жылдармен салыстырғанда, оқырманымыз көбейді. Жарыққа шықпай жүрген ақындарымыздың есімі біздің “Тайынша таңы” газеті арқылы көпшілікке белгілі болды. Редакция қызметкерлері түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болғаны тағы бар. Сондай-ақ, жеке өз басым бірнеше мәрте облыс және аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталдым. Мұны да жеткен кәсіби жетістіктеріміз деп білеміз.

Әңгімелескен

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp