Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың әр елді мекенде жазғы спорт алаңдарын салу туралы тапсырмасы Ақжар ауданында белсенді іске асырылуда. Жергілікті тұрғындар қаражаты есебінен Талшық ауылында шағын футбол алаңы пайдалануға берілген еді, енді Ленинград ауылында жеке кәсіпкер Бегайдар Жанабаевтың демеушілігімен көпфункциялы, жасанды төсеніші бар спорт алаңы іске қосылды. Бұл кәсіпкердің өзі оқыған №2 Ленинград орта мектебіне сыйлығы болды.
Спорт алаңын ашу салтанатына қатысқан аудан әкімі Серікбай Тұралинов жиналған қауымды жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтап, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, саламатты өмір салтын ұстануға демеушілік көмек көрсеткен аудан азаматтарына алғыс білдірді. Аудандық мәслихаттың депутаты, жеке кәсіпкер Бегайдар Жанабаев өз сөзінде ауыл жастары үшін жағдай жасауға әрқашан дайын екендігін білдіріп, көптен бері ойында жүрген шараның іске асырылғанын қуанышпен жеткізді. Ол спорт алаңының орнын әдейі мектеп жанынан таңдағанын, оның маңайын тегістеу, абаттандыру жұмыстарына, материал сатып алуға 3 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалғанын айтты.
Айбек ХОРШАТ,
Ақжар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.