
Өткен жылдың басында ашылған “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның өңірлік филиалы мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы кеше Жамбыл көшесі, 191 мекенжайында бой көтерген әсем де еңселі жаңа ғимаратқа көшті. Салтанатты шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова, өңірлік кәсіпкерлер палатасының, ұлттық компаниялардың, бизнес құрылымдарының өкілдері қатысты.
“Даму” қорының өңірлік филиалы мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бұған дейін Жамбыл және Абай көшелерінің қиылысындағы ғимаратты жалға алып келген болатын. Қазіргі нысанның аумағы одан екі есе көп, 1483,5 шаршы метр.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың отандық кәсіпкерлерді қолдауға арналған тапсырмасын орындауға орай “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ өңірлік филиалының жаңа ғимаратын ашып отырмыз.
Шағын және орта бизнесті дамытуда аталмыш қордың атқаратын рөлі ерекше. Облыста осы қордың қаржылық операторлығымен “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге дейін 386 өңірлік жобаға сомасы 28,7 млрд. теңге мемлекеттік демеуқаржы берілді. Өткен жылдың басында ашылған орталық 4 мыңнан астам бизнес өкіліне, оның ішінде өз ісін жаңа бастағандарға 6 мыңдай консультациялық көмек көрсетті. Жаңа ғимаратта кәсіпкерлерге консультациядан бастап, семинарлар мен тренингтер өткізуге дейін тегін қызмет көрсетіледі. Мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің ұзақмерзімді әріптестігіне және әрі қарай өзара тиімді дамуына орталық лайықты үлес қосатындығына сенімім зор, – деді Ерік Хамзаұлы.
“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова “Бәйтерек” Ұлттық басқарушы холдингі” АҚ инвестициялар тарту, кластерлерді дамыту және еншілес ұйымдарда бірлесе басқару жүйесін жетілдіру үшін Президент Жарлығымен 2013 жылы 22 мамырда құрылғандығын, облыстағы өңірлік филиал мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы республика бойынша үздік үштікке кіретіндігін, пайдалануға беріліп отырған жаңа ауқымды ғимарат бизнес өкілдеріне қызмет көрсету аясын кеңейте түсетіндігін атап айтты.
Салтанатты рәсімнен кейін өңір басшысы жаңа нысанмен танысты.
Ғимараттың бірінші қабатына кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы орналасқан. Онда 6 консультант пен Халыққа қызмет көрсету орталығы, “Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі” филиалдарының, сервистік компаниялардың бөлімдері “Бір терезе” қағидаты бойынша жұмыс істейді.
“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның өңірлік филиалы екінші қабатта. Қала мен облыс тұрғындары үшін ақпараттық кездесулер мен оқыту шараларын өткізуге арналған кабинет бұрынғыға қарағанда кең, 50 орынға шақталған.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.