«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚЫСЫМ КӨРСЕТКЕН

Аққайың ауданындағы кәсіпкерлер жергілікті билік тарапынан қысым көріп отырғандарын айтады. 2019 жылдан бері шешілмей келе жатқан түйткіл бизнес өкіл­дерін облыстық кәсіпкерлер палатасына ұжымдық арыз жазуға мәжбүр еткен. Мәселенің мән-жайына қанығу үшін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің мү­шелері аудан орталығына арнайы барып, жиын өткізді.

Сапар барысында даудың басы аудан орталығындағы үш үй екені мәлім болды. Аталған үйлердің иелері бірнеше жыл бойы «Смирнов астық қабылдау және арту пункті», «Смирнов элеваторы», «Ертегi», «Темірхан KZ» серіктестіктерінің үстінен түрлі мекемелерге арыз жолдап келген.

– Тұрғындардың арызына қарамастан кәсіпорынның ауаны лас­тап, шу деңгейінің шегінен асқаны расталған жоқ. Санитарлық- эпидемиологиялық бақылау департаменті халық тұратын аумақта ауа мен дыбыс деңгейіне сараптамалар жасаған. Оның біреуінде де белгіленген нормадан асу жағдайы анықталмады, – дейді палата са­рапшысы Дәурен Мәліков.

Алайда тұрғындардың арызын тиісті сот шешімі де тоқтатпаған. Тоқтамайтын шағымдардан жергілікті билік те шаршаған болуы ке­рек, бизнеске қысым артып, кәсіпкерлерге аталған үйлерді сатып алуды ұсынған. Алайда тұрғындар сұрап отырған баға тым жоғары. Мысалы, бір үйдің иесі өз баспанасы үшін 12 млн. теңге талап еткен.

– Тұрғындар тарапынан арыз болмау үшін бізді аталған үш үйді сатып алуға үгіттеді. Облыстық әкімдік пен прокуратура өкілі қа­тысқан соңғы кездесуде де осы ұсыныс айтылды. Біздің кәсіпорын­ның өндірістік аумақта жұмыс істеп келе жатқанына 12 жылдан асты. Ал аталған үйлер кәсіпорыннан 60, 80, 175 метр жерде орна­ласқан. Санитарлық қызмет өкілдері 2023 жылдан бері шу мен ат­мосфералық қалдықтар бойынша үздіксіз тексерістер жүргізіп ке­леді. Ешқандай заң бұзушылықтар анықталмады. Сондықтан үй­лерді сатып алудың ешқандай заңдық негізі жоқ, – дейді «Смирнов астық қабылдау және арту пунктінің» өкілі Константина Ясманова.

Жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Евгений Остертак арыздың негізінен «Ертегі» мен «Темірхан KZ» серіктестіктеріне тү­сетінін растады. Алайда төрт серіктестік те бір аумақта жұмыс іс­тейтіндіктен бұл мәселеге қалғандарын да араластырған. Әкімдік өкілі егер олар үш үйді сатып алса, қалған үйлердің тұрғындары да осыны талап етуі мүмкін екенін айтты.

Отырыста кәсіпкерлер жақын маңдағы темір жолға да назар ау­дарды. Оның шуы элеваторлардан әлдеқайда қатты. Соған қара­мастан темір жол шуының нормадан асуы туралы ешқандай шағым түспеген.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жергілікті биліктің 4 астық қоймасына қатысты әрекетін теріс деп тапты. Аудан әкімінің орын­басары Евгений Остертак алда кәсіпкерлермен тұрғындардың қа­тысуымен кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын қолға алатынын айтты. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасы бұл жайтты назарда ұс­тайтын болады.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp