Аққайың ауданындағы кәсіпкерлер жергілікті билік тарапынан қысым көріп отырғандарын айтады. 2019 жылдан бері шешілмей келе жатқан түйткіл бизнес өкілдерін облыстық кәсіпкерлер палатасына ұжымдық арыз жазуға мәжбүр еткен. Мәселенің мән-жайына қанығу үшін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің мүшелері аудан орталығына арнайы барып, жиын өткізді.
Сапар барысында даудың басы аудан орталығындағы үш үй екені мәлім болды. Аталған үйлердің иелері бірнеше жыл бойы «Смирнов астық қабылдау және арту пункті», «Смирнов элеваторы», «Ертегi», «Темірхан KZ» серіктестіктерінің үстінен түрлі мекемелерге арыз жолдап келген.
– Тұрғындардың арызына қарамастан кәсіпорынның ауаны ластап, шу деңгейінің шегінен асқаны расталған жоқ. Санитарлық- эпидемиологиялық бақылау департаменті халық тұратын аумақта ауа мен дыбыс деңгейіне сараптамалар жасаған. Оның біреуінде де белгіленген нормадан асу жағдайы анықталмады, – дейді палата сарапшысы Дәурен Мәліков.
Алайда тұрғындардың арызын тиісті сот шешімі де тоқтатпаған. Тоқтамайтын шағымдардан жергілікті билік те шаршаған болуы керек, бизнеске қысым артып, кәсіпкерлерге аталған үйлерді сатып алуды ұсынған. Алайда тұрғындар сұрап отырған баға тым жоғары. Мысалы, бір үйдің иесі өз баспанасы үшін 12 млн. теңге талап еткен.
– Тұрғындар тарапынан арыз болмау үшін бізді аталған үш үйді сатып алуға үгіттеді. Облыстық әкімдік пен прокуратура өкілі қатысқан соңғы кездесуде де осы ұсыныс айтылды. Біздің кәсіпорынның өндірістік аумақта жұмыс істеп келе жатқанына 12 жылдан асты. Ал аталған үйлер кәсіпорыннан 60, 80, 175 метр жерде орналасқан. Санитарлық қызмет өкілдері 2023 жылдан бері шу мен атмосфералық қалдықтар бойынша үздіксіз тексерістер жүргізіп келеді. Ешқандай заң бұзушылықтар анықталмады. Сондықтан үйлерді сатып алудың ешқандай заңдық негізі жоқ, – дейді «Смирнов астық қабылдау және арту пунктінің» өкілі Константина Ясманова.
Жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Евгений Остертак арыздың негізінен «Ертегі» мен «Темірхан KZ» серіктестіктеріне түсетінін растады. Алайда төрт серіктестік те бір аумақта жұмыс істейтіндіктен бұл мәселеге қалғандарын да араластырған. Әкімдік өкілі егер олар үш үйді сатып алса, қалған үйлердің тұрғындары да осыны талап етуі мүмкін екенін айтты.
Отырыста кәсіпкерлер жақын маңдағы темір жолға да назар аударды. Оның шуы элеваторлардан әлдеқайда қатты. Соған қарамастан темір жол шуының нормадан асуы туралы ешқандай шағым түспеген.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы жергілікті биліктің 4 астық қоймасына қатысты әрекетін теріс деп тапты. Аудан әкімінің орынбасары Евгений Остертак алда кәсіпкерлермен тұрғындардың қатысуымен кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын қолға алатынын айтты. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасы бұл жайтты назарда ұстайтын болады.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.