Бүгінде Қазақстан азаттықтың ақ таңымен, Ата Заңымыздың айбарымен алға қарышты қадам басып, жарқын болашаққа ұмтылуда. Бодандық қамытын шешіп, бостандықтың әр күніне шүкір айтқан қазақстандықтар бір заңның аясында тең құқықта өмір сүруде. Біздің елімізде заң бәріне ортақ. Ал оған бағыну – бәріміздің міндетіміз. Ата Заңымыздың алдында бәріміз бірдейміз. Заңда адамды ұлтына, жынысына, нәсіліне, тіліне бөлу жоқ. Қазақстандықтардың игілігіне қызмет еткен Конституция әр саланың дамуына да кең жол ашып отыр.
Ата Заңның аясында кез келген салада тәртіп бар. Біз кәсіпкерлердің құқығын қорғаумен айналысамыз. Іскер азаматтардың құқығын қорғау, бизнестегі тәуекелдерді азайту мақсатында кәсіпкерлер палатасы филиалдары жұмыс істеуде. Осы орайда кәсіпкерлер палатасы Уәлиханов аудандық филиалы жергілікті жерде бизнес тетігін тауып, өз ісін бастауға ынталы азаматтарға барынша қолғабыс етеді. Аяқтарынан нық тұрып кетулері үшін заңды тұрғыдан олардың мүддесін қорғап, құқығы бұзылмауын қадағалаймыз. Аудандық филиал құрылған уақыттан бері жергілікті бизнес қауымдастыққа заң тұрғысынан көп көмек көрсетілді. Филиал экономикалық, құқықтық және білім беру бағытында жұмыс істейді. Кәсіпкерлерге көмек көрсетіп, қолдау білдіруде жұмысымыздың нәтижесін көрсек, еңбектің зая кетпегені деп білеміз. Өткен жылы бізге кәсіпкерлерден 151 өтінім түссе, соның 91-і құқықтық негізде болды. Ал бизнесті қорғау бойынша түскен 68 өтінімнің барлығы дерлік шешімін тапты. 21 миллион теңгеден астам сомада бизнестің мүддесі қорғалды. Ал биылғы жылдың жеті айында кәсіпкерлерден 53 өтінім түсті. Көбінесе іскер азаматтарды жер қатынасы, архитектура, қала құрылысы, шағын және орта бизнестегі тексерулерге қатысты мәселелер толғандырады. Сондай-ақ, салықтық, POS-терминалдар орнату, әлеуметтік төлемдер аудару, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін тіркеу, агроөнеркәсіптік кешен жобасын әзірлеу бойынша да мәселелер қаралады.
Биыл жыл басынан бері кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы жергілікті деңгейде бес әкімшілік кедергіні анықтаса, екеуі оң шешілді. Облыстық прокуратура және кәсіпкерлер палатасы арасындағы меморандум аясында Уәлиханов ауданы кәсіпкерлерінің өтініштері бойынша жұмыс жүргізілгенін де баса айтқан жөн.
Ауданда жеті ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Оның біреуі өсімдік, қалғаны мал шаруашылығы бағытында. Олардың әділет органдарында тіркелулеріне көмек көрсетілді. Аудандағы жалпы білім беретін мектептерде кәсіби бағдар бойынша жұмысты жетілдіру мақсатында кәсіпкерлер палатасының бастамасымен екі кабинет ашылды.
Өткен бес айдың ішінде кәсіби бағдар бойынша 82 оқушы кәсіпорындарда болып, ондағы жұмыспен танысты. Сонымен қатар мектептерде кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырылды. Кәсіпкерлік саланы кеңінен насихаттауда оқушылар арасында сауалнама жүргізілді. Бүгінде Уәлиханов ауыл шаруашылығы колледжі жанынан құрылған бизнес-мектептің жұмысы сәтті үйлесімін табуда. Кәсіпкерлерге кеңес беру қызметтерін көрсетуде кәсіпкерлікті қолдау орталығының қызметкерлері жобалар әзірлеуге қатысып, бизнес-жоспар жасауға барынша атсалысады.
Біздің ауданда нақты жұмыс істейтін 593 шағын және орта кәсіпкерлік, 457 инфрақұрылым нысаны бар. Биылғы жартыжылдықта кәсіпкерлерге 41 миллион 980 мың теңгенің несиесі берілді. Жалпы осы жұмыстардың барлығы Ата Заңымыздың аясында жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлердің құқығы заңмен реттеледі, алайда, олар өздеріне артылған міндеттерді де орындауға тиіс. Заң бұрмалаушылықтарға жол бермегендері жөн.
Елбасымыз өзінің биылғы Жолдауында мемлекеттік кірістер мен шығыстардың жүйесін қайта қарап, бюджеттің кіріс базасын ұлғайтуды тапсырды. Яғни, қосымша құн салығының орнына сатудан түсетін салықты енгізу қажеттігін атап көрсетті. Бұл өз кезегінде “көлеңкелі экономикаға” тосқауыл болары сөзсіз. Сол себепті өз ісін ашып, кәсібінен нәсіп көріп отырғандар Үкіметке салық төлеуде барынша ашық болып, “көлеңкелі экономикаға” жол бермесе, еліміздің дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қосады. Заң аясында әділ жұмыс істейтін азаматтардың ісі де берекелі болар еді. Әділеттілік пен тәртіпке, шынайылыққа құрылған Конституциямыз әрқашан Қазақстан халқы үшін қызмет етеді.
Батырхан АХМЕТОВ,
кәсіпкерлер палатасы
аудандық филиалының
төрағасы.
Уәлиханов ауданы.