«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ – АЙРЫҚША НАЗАРДА

Бұрнағы күні “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысы өтті. Талқыланған мәселе – заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру мәселелері және оларды шешу жолдары.

Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік палатасының араласуымен соңғы бір жарым жылдың ішінде салынған 280 миллион теңге айыппұлдың заңдық күші жойылған. Сондай-ақ, заңдарға кәсіпкерлік мүддесін қорғайтын өзгерістер мен толықтырулар енгізудің арқасында орын алған оң нәтижелерді аңғармау мүмкін емес. Мәселен, заңнамалық актілерден орындалмаса, қолайсыз жағдайдың туындауына әсер етпейтін бірқатар талаптар алынып тасталды. 5500 талаптың 1800-і қысқартылып, 35 рұқсат құжатының күші жойылған. Ал мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің тәртіптік кеңесі хатшылығының меңгерушісі Жанат Жұмабаевтың айтуынша, үстіміздегі жылы шағын және орта кәсіпкерліктің жұмысына заңсыз араласу фактісі бойынша мемлекеттік органның 8 лауазымдық тұлғасына қатысты іс қозғалыпты. Тергеу нәтижесі бойынша 5 қылмыстық іс сотқа жіберілген. Ал тәртіптік кеңесте өткен жылдың шілде айынан осы күнге дейін шағын және орта кәсіпкерліктің құқығы мен заңды мүддесін жүзеге асыруға кедергі келтіру фактісі бойынша 10 мәселе қаралған екен.

Департамент сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізеді. Мониторинг пен ұсыным хат енгізу конкурс жарияланып, жеңімпаз анықталғанша ғана жүргізіледі. Осы орайда үстіміздегі жылдың 8 айында мемлекеттік органдар мен мемлекеттің қатысы бар заңгерлік субъектілерге 42 ұсыным хат жолданып, соны қарастыру нәтижесінде 211,6 миллион теңге көлемінде бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланудың алдын алу мүмкін болған. Облыстық прокуратураның бірінші басқармасының бастығы Асхат Ауқатовтың айтуынша, өткен жылы және үстіміздегі жылдың 8 айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын қадағалау аясында 129 тексеріс жүргізіліп, 702 заң бұзушылық анықталған. Мәселен, Петропавл қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі “Центр крепежа.kz” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сыртқы жарнама – 3 бір жақты маңдайша ілуге рұқсат берген. Аталмыш рұқсат сыртқы жарнама үшін 702016 теңге салық аударуға негіз болған. Прокуратура жүргізген тексеріс кезінде аталған ЖШС-і ғимаратының сыртына ілінген үш жарнамалық-ақпараттық нысан сыртқы жарнама емес, маңдайша екендігі анықталды. Маңдайшаларды ілу үшін аталған мемлекеттік органнан рұқсат қажет емес және салық төлеу де талап етілмейді.

Облыстық қаржылық бақылау инспекциясының мәліметіне сүйенсек, үстіміздегі жылдың өткен айларында заңды және жеке тұлғалардан мемлекеттік сатып алу заңнамасының бұзылуы жөнінде 58 өтініш түскен. Олар бойынша тексеріс жүргізіліп, дені расталмаған.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp