«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ӨТІНІМДЕРІ МАҚҰЛДАНДЫ

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновтің төрағалығымен өткен “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыруға арналған өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі өтінімдері қаралды.

Аталмыш кеңесте бірінші кезекте “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының 1-ші және 2-ші бағыттары аясында банк кредиті бойынша сыйақы пайыздарын демеуқаржыландыруға арналған 17 кәсіпкердің өтінімдеріне назар аударылды.

Қызылжар ауданындағы “Адель құс” ЖШС “Құрал-жабдықтар сатып алу және коммерциялық жылжымайтын мүлікті жөндеу” жобасын жүзеге асыру үшін “Ресей жинақ банкі” АҚ-ның еншілес банкі арқылы 250 млн. теңге кредит алған. Серіктестік директорының орынбасары Сергей Колесниковтың айтуына қарағанда, кәсіпорында 250 мың бас тауық өсірілуде. Қазіргі уақытта серіктестік бір жылда 50 млн. жұмыртқа өндіреді. Жаңа жобаны 2 кезеңмен жүзеге асыру арқылы фабрика құс саны мен өнім көлемін екі есе арттыруды көздеуде. Аталмыш ЖШС өндірісін дамыту үшін бұған дейін де екі рет банк кредиті мен мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы инфрақұрылымдарын қалпына келтірген көрінеді. Сондықтан да банктің 14 пайыздық сыйақысының 10 пайызын республикалық бюджеттен демеуқаржыландыру және кредиттің 50 пайызына “Даму” қоры арқылы кепілдік беру жөніндегі кәсіпкердің өтінімін өңірлік үйлестіру кеңесінің мүшелері бірауыздан мақұлдады.

Есіл ауданындағы Явленка ауылының тұрғыны Михаил Фоменко да “Құрал-жабдықтар сатып алу және коммерциялық жылжымайтын мүлікті жөндеу” жобасын іске асырмақ. Оның да “Қазақстанның Халық банкі” АҚ-ның облыстық филиалынан алған 12,5 млн. теңге кредитінің 10 пайыздық сыйақысына мемлекеттік қолдау көрсету туралы өтінімі қолдау тапты.

Осы күнгі өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында кәсіпкерлердің жалпы сомасы 1 млрд. 408 млн. теңге көлеміндегі кредиттеріне “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының 1-ші және 2-ші бағыттары аясында мемлекеттік қолдау көрсетілетін болды.

Отырыста сонымен бірге екі кәсіпкердің демеуқаржыландыру мерзімін ұзарту жөніндегі өтінімдері мақұлданды.

Үйлестіру кеңесінің соңында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының “Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту” атты 4-ші бағыты бойынша “Назарбаев Университеті” ДБҰ базасында шағын және орта бизнестің топ-менеджментіне оқытуға арналған кәсіпкерлік субъектілерінің 7 өтінімі қаралды.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp