«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛЕР АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

Оқушылар сарайында облыстық кәсіпкерлер палатасының қорытынды есеп беру кездесуі өтті. Жергілікті ірі, шағын және орта кәсіпкерлік, шаруашылық өкілдері қатысқан жиында былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланып, бизнестің дамуына тежеу болған мәселер талқыланды. Облыстық кәсіпкерлер палатасы басшысы Дархан Қалиевтің айтуынша, кәсіпкерлер құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және саланы дамыту бағытында тындырымды істер атқарылды.

– Бұған дейін өткен 42 есепті кездесуге екі мыңға жуық кәсіпкер қатысты. Олардың тарапынан 110 сауал түсті. Олардың басым бөлігі жөнсіз тексерістерге қатысты болды. Шағымдарға қарағанда, әсіресе, салықтық, лицензиялық алым, кассалық машиналарды бақылау бойынша тексерістер жиі орын алатыны анықталды. Мұның барлығы кәсіпкерлікке алғашқы қадамдарын жасаған азаматтар үшін кедергіге айналуда. Сондай-ақ, бірегей әлеуметтік төлемді енгізу, гранттар мен жеңілдетілген несиелерге қол жеткізу бойынша да сұрақтар қойылды. Есепті кездесулерге облыстық кірістер департаменті мен прокуратура қызметкерлері белсенді қатысты, – дейді Дархан Қанатұлы.
Былтыр облыстық кәсіпкерлер палатасына 800-ден астам өтініш-тілек түскен. Олардың 86-сы бизнесті қорғау, яғни тексерістерді жиілеткен мемлекеттік органдарға қатысты болды. Нәтижесінде әкімшілік кедергілер жойылып, 59 мәселе оң шешімін тапты. Палата өкілдері әкімшілік кедергілерді жою, кәсіпкерлер құқығын қорғау, жобаларды қолдау және адами капиталды дамыту сынды бірнеше бағыттар бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Атап айтқанда, былтыр 64 шағымға сәйкес 357 млн. теңгеден астам шығынға батқан бизнес қауымдастық өкілдерінің құқығы қорғалған. Палата мамандарының көмегімен бірқатар кәсіпкерлер жосықсыз жеткізушілер тізімінен алынды. Сондай-ақ, электр энергиясын заңсыз пайдаланушылардың тізіміне негізсіз енгізілген 100 кәсіпкерге құқықтық көмек көрсетілген. Былтыр 433 кәсіпкер «Бизнес көмекші» жобасы аясында оқу курстарынан өтті. Жалпы 74 жоба жүзеге асырылып, жергілікті бюджетке 345 млн. теңгенің салығы түскен. Нәтижесінде 418 жаңа жұмыс орны құрылды. Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, кейбір заңнамалар бойынша түсініктемелер алды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp