Облыстық кәсіпкерлер палатасында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының (ҰКП) ІІ съезіне Қызылжар өңірінен қатысқан делегаттармен кездесуге арналған брифинг болып өтті. Оған шағын және орта бизнестің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
27 қаңтарда өткен шараға өңірден “ПАМЖЗ” АҚ директоры Қуаныш Бишімов, “Сүт одағы” ЖШС директоры Александр Кузлякин, жеке кәсіпкер Александр Казанцев, “Арқалық” ШҚ жетекшісі Нағашыбай Барлыбаев қатысыпты.
– Съезде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев ұйымды Мемлекет басшысының ұсынысымен құрылған және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуына іргетас болған “Атамекен” атауымен толықтыру туралы ұсыныс жасады. Сонымен бірге ҰКП-ның мүшелік жарнасының жаңа мөлшері бекітілді. Осыған сәйкес тиісті заңдарға жарна көлемін азайту жөнінде өзгерістер енгізуге бағытталған ұсыныстар жасалмақ.
– Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынысымен тапсырыстармен қамтамасыз ету орталығын құру мүмкіндігі және “Индустриялық сертификат” институтын енгізу, ұлттық валютада ақшасы жоқ өндірушілердің валюталық заемын айырбастау, темір жол желісі тарифтерін, сол сияқты қызмет көрсететіндер мен ірі бизнес субъектілерінің мүддесін ескере отырып, электр қуаты мен тауарлы газ бағасын азайту шаралары жоспарға енгізілді,– деді Қуаныш Бишімов.
Делегаттардың айтуына қарағанда, ҰКП мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың сатып алуына отандық өндірушілердің қатысуын кеңейту бойынша шаралар әзірлеген. Сонымен бірге СТ-КZ сертификаттарын беру тәртібін жетілдіру үшін нормативтік-құқықтық және бірлескен актілерге өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыру, тапсырыс беруші мен отандық өндіруші арасында тура келіссөз жүргізу үшін контрактылы комиссиялар құру, құрылыс материалдарында, жұмыста және қызмет көрсетуде жергілікті үлесті арттыру үшін жобалық-сметалық құжаттарды қайта қарау ұсынылған.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ресей валютасының құнсыздануына байланысты ішкі нарықты қорғау шаралары ретінде ЕАЭО шарты рұқсат ететін уақытша сауда-саттық шектеуін енгізуді және осал салаларды демеуқаржыландыруды ұсынғанын айта кеткен жөн.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.