«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛЕР ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛІП ТҰР, ал Ұлттық банк асығар емес

Қазақстандық кәсіпкерлерге қазіргі қысылтаяң кезең оңай тиіп тұрған жоқ. Ресей рублінің құнсыздануы отандық тауар өндірушілерге едәуір салқынын тигізді. Біраз кәсіпкерлеріміз көрші елден әкелінетін арзан тауар бәсекесіне төтеп бере алмай, шаруасын шатқаяқтатып алды. “Шықпа, жаным, шықпалап” отырған олардың ендігі үміті – Үкіметте.

Отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған кешенді шаралар жобасын Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған болатын. Таяуда Үкімет аталған жобаны мақұлдады, тіпті, кейбір ұсыныстарға қатысты нақты шешімдер қабылданып та үлгерді. Алайда, бұл шаралар тек валюталық нақтылық болған жағдайда ғана толық іске аспақшы. Қысқасы, мәселе Ұлттық банктің шешіміне тіреліп тұр.  

“Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов Үкімет басшысының қатысуымен өткен төралқа отырысының қорытындысын баяндай келе: “Отандық тауар өндірушілерді қолдауымыз қажет. Біз Үкіметке кешенді іс-шаралардың жоспарын ұсындық. Оны Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қолдады. Алайда, бұл ұсыныстардың нәтижелі болуы тікелей Ұлттық банктің шешіміне байланысты болып тұр. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта банк тарапынан қандай да бір шешім қабылданғанын көрмей отырмыз”, – деді.

Отандық бизнес өкілдерінің жанайқайына бейжай қарап отырғаны ма, әлде басқа жоспары бар ма екен, әйтеуір, Ұлттық банк шешім қабылдауға асығар емес. Ал осы кезде ел нарығын ресейлік арзан да сапасы күмәнді тауарлар жаулап жатыр. Бұдан ел кәсіпкерлері зиян көріп, шығынға шаш-етектен батуда. Кейбіреулері, тіпті, жабылып та жатыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаевтың айтуынша, бізбен көрші елдердің барлығы дерлік ұлттық валюталарының рубльге қатысты бағамын өзгертті. Тек Қазақстан ғана бүгінгі бағамды ұстап тұр.

“Бұл тарапта Ұлттық банктің негізгі міндеттері мен мақсаттары туралы пікірталасымызға қайта оралғанымыз жөн секілді. Өздеріңізге белгілі, Ұлттық банктің негізгі мақсат-міндеттері бүгінгі таңда баға тұрақтылығын сақтау болып отыр. Жақында банк жаңа несиелік-қаржылық саясатын қабылдап, онда орта мерзімдік перспективадағы инфляциялық таргеттеуге көшкенін мәлімдеген болатын. Яғни, бұл теңге бағамының ауытқымалы жағдайын білдіреді. Алайда, осы бағыттағы бұдан басқа атқарылған жұмыстары байқалмайды”, – дейді Рахым Ошақбаев.

Палата басшылығы Ұлттық банктің тек инфляцияны ұстап тұруға ғана емес, сонымен бірге экономикалық өсім секілді бағыттарға да жауапты болуы туралы мәселені қозғауда. Өйткені, қазіргі таңда қалыптасып отырған экономикалық жағдай Ұлттық банк мақсаттарының үйлесімсіздігін айқындап беріп отырса керек.

Палата басшылығы мен Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің арасында екі бірдей кездесу болған. “Палатада Ұлттық банк басшылығымен екі рет кездесу өткізілді. Келімбетов мырза бізге “Орта мерзімдік перспективадағы” инфляциялық таргеттеуге көшу туралы баяндап берді. Бірақ “Орта мерзімдік перспектива” дегеніміз не? Бастысы, ол қашан іске асады? Бұл сауал сол қалпы жауапсыз қалды”, – дейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абай Мырзахметов.

 “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp