Уәлиханов ауданының әкімі Аман Төрегелдин өзінің тұрғындар алдындағы есепті кездесуінде 2015 жылдың қорытындылары туралы баяндап, биылғы жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко қатысты.
Былтыр ауданда әлеуметтiк-экономикалық маңызы бар бірнеше нысан бой көтерген. Бизнес дамып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік туған. Соның біразы аудан орталығында жүзеге асты. Мәселен, Кiшкенекөл ауылында заманауи корт пен жаңа ветеринарлық зертхана iске қосылды. “Северная Нива” ЖШС шағын элеватордың құрылысын бастады, сондай-ақ, тұз өңдейтiн зауыттың орны анықталды. Фермерлер былтырғы ауа райының қолайсыздығына қарамай, астықтан жақсы өнім жинады. 2015 жылы аудан аграршылары 246,5 мың гектар жерді егістікке пайдаланып, оның 180,0 мың гектарына – дәндi дақылдар, 25,3 мың гектарына – майлы дақылдар, 40,6 мың гектарына жемшөп еккен. Егістіктің жалпы көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 7 пайызға ұлғайған.
Былтыр аудан тұрғындарына жалпы көлемі 2147 шаршы метрді құрайтын 20 пәтер пайдалануға берiлдi. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша Кiшкенекөл ауылында 18 пәтерлi тұрғын үйдiң құрылысын жүзеге асыру үшiн жобалық-сметалық құжат дайындалды. Бұл құрылысқа қажетті қаражат сомасы – 245 815,3 мың теңге. Бүгінгі таңда ауданда 789 шағын және орта кәсiпкерлiк субъект жұмыс істесе, соның ішіндегі 25 жеке кәсiпкерлiк, 14 фермерлiк шаруашылық және 8 жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк былтыр ашылды.
Тұрғындар вокзал маңында тұратын оқушылардың мектепке қатынауы үшін жаңа көлік бөлу, дәрігерлердің есебінде тұрған онкологиялық науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, қоғамдық монша бағасын шарықтатпау, әлеуметтік маңызды азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру сияқты өтініштерін жеткізді. Сондай-ақ, темір жол бойында тұратын тұрғындар электр жарығы үшін қымбат төлем жасайтындары, кепілсіз несие алу мүмкіндіктері туралы ақпараттың қажеттігі туралы да айтты.
Сарман АЯЗБЕКОВ.
Уәлиханов ауданы.