
Кеше облыс орталығында “Әлем-СК” жаңа бизнес орталығы ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов қатысты.
– Өңірімізде мереке қарсаңында жаңа нысандар ашу дәстүрге айналған. Олар жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Бүгінгі шара да – сондай игілікті істердің бірі. Ол облысымызға инвестиция тартуға мүмкіндік беретін қаржы институттарын тоғыстырады,– дей келіп облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов салтанатты рәсімге жиналғандарды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, “Әлем-СК” бизнес орталығы қызметкерлеріне сәттілік тіледі.
“Аграрлық несие корпорациясы” АҚ директоры Серік Ахметбеков, “Сбербанк России” АҚ директоры Петр Солохин жаңа орталықтың облысымыздағы шағын және орта бизнесті дамытуға үлес қосатындығын атап айтты.
“Әлем-СК” бизнес орталығының директоры Рүстем Басағариновтың айтуынша, үшқабатты ғимараттың жалпы аумағы 3 мың шаршы метрден асады. Орталық қызметін пайдаланушылар үшін жеделсаты мен эскалатор орнатылған. Бұл ғимаратта екінші деңгейлі банктердің филиалдары, “Сбербанк России” АҚ-ның еншілес банкі, “Қазагроқаржы”,“Аграрлық несие корпорациясы”, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры”, “Бірыңғай зейнетақы жинақтау қоры” АҚ-лардың ұйымдары, “Лондон-Алматы” сақтандыру компаниясы, “Каметекс”, “Сараптама және талдау орталығы” ЖШС-лері орналасады.
Бұл – “Есіл” бизнес орталығынан кейін ашылып отырған екінші нысан.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.