“Даму” қорының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бизнеске ынталы мүмкіндіктері шектеулі жандарға “Кәсіпкерліктің негізі” тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Аталмыш шара мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген жаңа көзқарасын қалыптастырып, олардың табыс көзін тауып, материалдық жағдайларын жақсартуға және бизнесте кездесетін кедергілерді жеңуге үйретеді. Семинарда жеке кәсіпкерліктің алғашқы қадамдары, бизнестегі ұйымдастырушылық-құқықтық пішіндер, құжаттарды сауатты толтыру сияқты мәселелер кеңінен айтылды.
Басқосуға қатысушылар мүгедек жандардың қатысуымен түсірілген “Жетістік әңгімесі”, “Мен – кәсіпкер” тақырыбындағы бейнеқойылымдарды тамашалаған кезде өздері сияқты жандардың іскерлігіне тәнті болып, ойланып қалды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған осындай қолдау шарасы әлі де жалғасады.
Гүлмира ЖАҚЫПОВА,
“Даму” кәсіпкерлікті дамыту” АҚ
облыстық филиалының менеджері.