Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінде өткен кезекті брифингте кәсіпкерлік пен туризмге және ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер сөз болды. Оған тиісті басқармалардың басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Айдын Керімбек “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктердің сыйақы ставкаларына демеуқаржылар, кепілдіктер мен гранттар, сонымен бірге қызмет көрсетуге лицензиялар беру сияқты мемлекеттік қызмет түрлерімен айналысатындықтарына қысқаша тоқталды. Үстіміздегі жылғы 5 айда 30 өтінімге демеуқаржы, 6 өтінімге кепілдік, туристік қызметті жүзеге асыруға бір лицензия берілген.
Брифингке қатысқан БАҚ өкілдері облыста туризмді дамытуға байланысты бірнеше сауал қойды. Айдын Жанұзақұлы Петропавл қаласында және Айыртау, Есіл, Тайынша, Мамлют аудандарында туризмді дамытуға байланысты 93 тармақтан тұратын шеберлік жобасы әзірленгенін, ол туристік инфрақұрылымдарды жақсартуды да көздейтіндігін айтып берді. Айыртау ауданындағы Шалқар көлі маңында жеке кәсіпкердің күшімен 5 үй салынып жатқаны да сөз болды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров “Қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасын, “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық”, “Ырыс” бағдарламаларын жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан шараларды тілге тиек ете келіп, көктемгі-дала жұмыстарының барысына тоқталды. Қайрат Қайроллаұлының айтуынша, күзгі-қысқы мол ылғал мен көктемгі жауын дала жұмыстарын кешеуілдете түсуде. Агро-құрылымдар арзандатылған жанар-жағармаймен, тыңайтқыштармен, қажетті тұқыммен қамтамасыз етілген. Бүгінгі жедел мәлімет бойынша 1,74 млн. гектар аумаққа жазғы дақылдар себілді, оның 22%-ын дәнді, 39%-ын жемазықтық, 40%-ын майлы дақылдар құрайды.
Журналистер “Богви”, “Трансавто” компанияларының қазіргі жағдайына қызығушылық білдірді. Басқарма басшысы “Богви” ЖШС-не тиесілі 300 мың, “Трансавто” ЖШС-не тиесілі 120 мың гектар егістік алқаптың бос қалмайтындығын, олардағы көктемгі науқан жұмыстары аудан әкімдерінің қатаң бақылауында екендігін мәлімдеді.
Тілшілер Қызылжар ауданының Семипалатное ауылындағы қосалқы шаруашылықтарда қара малдардың бруцеллез ауруына шалдығуына байланысты сауал қойды.
– Көктемгі тексеру кезінде аталмыш елді мекеннің 173 қара малынан қан алынып, олардың 34-і бруцеллез ауруына оң нәтиже берді. Республикаға жіберілген 8 сынаманың 7-еуі соны растады. Сондықтан оларды ет комбинатына (“СБИ-Агро” ЖШС-ға) тапсыру туралы шешім қабылданды және жұқпалы сырқатты таратпас үшін елді мекенде шектеу қойылды. Күні бүгінге дейін ауру малдардың 22-сі союға тапсырылды, қалғаны 27 мамырға дейін өткізілуге тиіс. Олай болмаған жағдайда мал иелеріне әкімшілік жаза қолданылады, – дей келіп, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербатыр Мадияров арзан бағаға өткізілген малдар құнының 50 пайызы тиісті құжаттар тапсырылғаннан кейін мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен өтелетіндігін жеткізді.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.