
«Малына сүйенбей, арына сүйенген» ер жігіттер-ай, десеңші! Мұндай арда азаматтар арамызда жүр ғой, жүр! Солардың бірі деп Тимирязев ауданының орталығында тұратын кәсіпкер, жомарт та мәрт жігіт Қайырбек Сәдуақасұлы Хамзинді жаңылмай айтуға болады.
Оның жомарттығына төменде мен жібін тарқатқалы отырған мына әңгіме айғақ бола алады. «Іңгәлап!» дүниеге келген алтын бесігі – Шал ақын ауданындағы Жаңаталап ауылында жастайынан жақсылардың өнегесін көріп өскен балдырған Қайырбек қашанда ел-жұртқа игілік жасайтын жан жомарттығын ардақ тұтты.
Орта мектепті тамамдаған соң арман арнасымен Алматыға аттанып, осындағы дене шынықтыру институтына оқуға түскенді. Қалаулы мамандығына қолы жетіп, Тимирязев ауданындағы Ақсуат ауылындағы мектепке орналасып, жастарды дене тәрбиесімен, спортпен шұғылдануға баулыды. Ол ауыл жастарының шымырлығын, табиғи күш-қуатқа бейімділігін ежелден білетін. Өйткені, өзі де ауыл баласы емес пе, қара жұмыстан бойды аулақ салған да, жалыққан да емес. Есесіне, күш-қуаты еселене түсуші еді.
Мұғалімдік қызметті атқара жүріп, есімі өңірімізге танымал спортшы, боксшы, сол кездегі «Қайрат» ерікті спорт қоғамы аудандық ұйымының төрағасы Ғазез Шаяхметовпен жақын араласып, ағаның ақыл-кеңесіне бой алдырды.
Кейін ол «Қуаныш и К» фермерлік шаруашылығын құрып, ісі өрге басқанда қаржы-қаражатын бауырына басып жүре бермей, игілігін ел-жұрт көретін іске жұмсауды ұйғарды. Ауыл-село спортшыларына қаржылай қолдау көрсету қамы қашанда оның ойынан шықпайтын. Осы мүддесін жүзеге асыру үшін Қайырбек Хамзин облыс намысын қорғай алатын қыз балалардың волейбол командасын құруды ұйғарды. Мамандығы сайма-сай болғандықтан, осыған қабілетті жастарды таңдау өзіне қиындық тудырмайтынын білді. Осы ұйғарымын ол 2014 жылы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналинге құлаққағыс етті. Басқарма басшысы бұл ұсынысты ұзын арқау, кең тұсауға салмай, салмақтап барып, орайлы ой, жақсы ұйғарым екенін білдірді. Оның пайымын Қайырбек Сәдуақасұлының команданы қаржылай демеуді өзі көтеріп алатын нық сенімі қамшылап жіберді.
Кәсіпкер азаматтың бұл бастамасын өңір басшысы Ерік Сұлтанов та қолдады. Соның арқасында спортқа дарынды балалардың облыстық мектеп-интернатында қыз балалардың волейбол тобы ашылды. Осында жаттығатын қыз балалардың арасынан он төрт ойыншы таңдалып алынып, команда шаңырақ көтерді. «Қуаныш» додаға осылай қосылды.
«Қуаныш», расында да, қуантты. 2014 жылы құрылған күннен-ақ біздің өңірдің жас волейболшылары Қазақстан Республикасының чемпионатында «Б» лигасында сынға түсіп, өзінен басқа жеті үміткердің арасынан оза шауып, бәйге алды. Жеңімпаз болғандықтан, «А» лигасына жолдаманы қанжығаға байлады да, биыл осы топта 5-6-шы орындарды бөлісті.
– Мен команданың негізгі тобына қоса, ізбасарларды да даярлауды ұйғарып, жас ерекшеліктеріне қарай облыс оқушыларының тағы үш тобына қаржылай көмек жасауды қолға алдым, – дейді Қ. Хамзин.
– Кәсіпкердің қаржылай қолдауы бізді қамшылай түседі. Ол «Қуаныштың» жарыстарға қатысуына, жаттығуларына, жол шығындарына жыл сайын қомақты қаржы бөліп отырады. Бұл үшін біздің шынайы алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді команданың бас жаттықтырушысы, спорт-интернаттың мұғалімі Азамат Есімов.
Ол әріптесі Владимир Перепечинмен бірге келесі жылғы чемпионатта «А» лигасында жеңіске жетіп, одан арғы маусымда әйелдер арасында Қазақстанның ұлттық лигасына жолдама иеленуді мақсат етіп отырғандарын нақтылай айтты.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, бұйырса, бұл арманға да қол жетер. Сонда біздің қаламызда да нағыз волейбол сайыстары өтетін болады.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
«Солтүстік Қазақстан».