«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПОДАҚТАР ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНДЕ

Назымбек ОРАЗЫМБЕТОВ,

облыстық білім және ғылым қызметкерлері

кәсіподағы кеңесінің төрағасы.

“Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам” бағдарламасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің 2030 жылға дейінгі әлеуметтік дамуының жалпы-ұлттық тұжырымдамасын жасау, әлеуметтік заңнаманы жаңарту, әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді моделін қалыптастыру, қазақстандық өмір сапасын арттыру және әлеуметтік үдерістерді тиімді басқару жүйесін құру жөнінде міндет қойды. Осы бағдарламалық құжатты Қазақстан Республикасының Президенті “Нұр Отан” партиясының ХV съезінде сөйлеген сөзінде одан әрі дамытып, қоғамымыздың экономикалық және әлеуметтік өмірінің барлық жағын қамтыды.

Мемлекеттік саясат тиімділігінің негізгі көрсеткіші халықтың әлеуметтік игілігі, оның көтеріңкі көңіл күйі болып табылады. Соңғы 15 жылдың ішінде ұлттық экономика көлемі 1,7 трлн. теңгеден 28,0 трлн. теңгеге дейін өсті. Тұрғындардың жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім мен ел халқының кірісі 16 есе көтеріліп, орташа айлық еңбекақы – 9,3 есе, ал зейнетақы төлемдері – 10 есе артты. Білім беру саласына қатысты айтар болсақ, кейінгі жылдарда ғана бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы кезең-кезеңімен 80 пайызға көтеріліп, кейбір төлемдердің көлемі өсті.

Біздің облысымызда білім беру саласын қаржыландыру жыл сайын өсе түсуде. Мысалы, 2012 жылы саланы дамытуға 35,6 млрд. теңге қаржы бөлінді, бұл бұрнағы жылғы деңгейден 6 пайызға жоғары. Мемлекеттік “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыру аясында мектепке дейінгі балалар ұйымдары желісі 17 бірлікке ұлғайды. Онда балаларды қамту 77-ден 86 пайызға дейін өсті. Петропавл қаласында 320 орындық және Ақжар ауданының орталығы – Талшық ауылында 60 орындық балабақшалар пайдалануға берілді. Мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту қарқыны және қолда бар резервтер 2015 жылға қарай мектеп жасына дейінгі балалардың барлығын мектепке дейінгі білім берумен қамтуға мүмкіндік береді.

Облыста сапалы білім алуға, осызаманғы әдістемелер мен технологияларды енгізуге жағдай жасалуда. Бүгінде жалпы білім беретін мектептердің барлығы компьютерлендірілген және Интернетті пайдаланады. Орта және негізгі мектептердің жартысынан астамы лингофондық – мультимедиалық кабинеттермен және интерактивті тақталармен жарақтандырылған. Петропавл қаласында Тұңғыш Президенттің Зияткерлік мектебінің құрылысы жүріп жатыр, ал Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылында негізгі мектеп ғимараты пайдалануға берілді.

Биылғы 28 қаңтарда Елбасы республика кәсіподақтарының активімен кездесу өткізді. Онда Мемлекет басшысы ел кәсіподақтарының тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік-еңбек қатынастарының негізін құраушысы екенін атап өтті. Бүгінде еліміздің алдында зор міндеттер тұрғанын, оның Қазақстан кәсіподақтары федерациясына да үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты. Кәсіподақтар қозғалысы бүкіл елмен бірге жаңғырту жолына түсті. Сондықтан кәсіподақтарды дамудың жаңа кезеңіне шығарудың қажеттігі атап көрсетілді.

Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы, оған мүше ұйымдар қызметінде басым бағыттар еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру, педагогтің мәртебесін көтеру, еңбекке және техникалық қауіпсіздікке лайықты жағдай жасау, қызметкерлерді сауықтыру, олардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мәселелері болып табылады. Облыстық білім басқармасы мен “ҚР СҚО білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы” ҚБ арасындағы әлеуметтік, экономикалық және еңбек қатынастарының тиімді реттелуін қамтамасыз ету үшін 2013-2015 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімге қол қойылды. Жергілікті жердегі салалық кәсіподақтың қорғау қызметін жүзеге асырудың басты құралы жұмыс берушілермен жасалатын ұжымдық шарттар болып табылады. “Ұжымдық шарт жасаңыз!” жалпыреспубликалық акциясына қатысу жөніндегі жұмыс жалғасуда. 2013 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыста 627 ұжымдық шарт жасалып, жұмыс істейді. Кәсіподақтар құрылған ұйымдарда олар 100 пайызды құрайды.

Салалық келісімнің орындалуына жасалған талдау көрсетіп отырғандай, тараптар педагог кадрлардың, оқушы жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға байланысты міндеттемелерді жүзеге асыру жөнінде қыруар жұмыс жүргізілуде. Білім беру ұйымдарында еңбекақы, еңбек демалысы төлемдері, сауықтыру жәрдемақысы, педагогтердің нормативтік оқыту жүктемесі мәселелері шешілген. Қоғамдық тапсырыстарды орындаған, медициналық байқаудан өткен кезде қызметкерлердің орташа еңбекақысы сақталады. Көптеген ұжымдар қызметкерлерін біліктілікті көтеру курстарына немесе сырттан оқуға жіберген кезде олардың жұмыс орындары және еңбекақылары сақталады. Мұның бәрі бірлесе жүргізген жұмыс нәтижесі деп білеміз.

Сала кәсіподағының маңызды қызмет бағыттарының бірі еңбек қауіпсіздігін сақтау және қорғау мәселесі екені сөзсіз. Бұл жұмысқа 627 қоғамдық еңбек қорғау инспекторы бақылау жасайды. Десе де еңбек қорғау және техника қауіпсіздігі жөніндегі талаптардың сақталмау фактілері де орын алуда, адамдардың жарақат алуына жол берілуде. Өткен жылы 236 тәртіп бұзушылық анықталып, олардың 75 пайызы түзетілді. Сонымен бірге былтыр 3 білім қызметкері жарақат алды, олар – Қызылжар, Тайынша және Мамлют аудандарынан. Бақытсыз жағдайлардың негізгі себептері еңбектің дұрыс ұйымдастырылмауы, еңбек қауіпсіздігінің қарапайым нормаларының сақталмауы және оны білмеу, сол сияқты еңбек және өндірістік тәртіптердің бұзылуы болып табылады.

Есіл ауданының білім беру кәсіподағы ұйымдары өздерінің жұмыс әдістерін жетілдіре отырып, өткен жылы еңбек қауіпсіздігі мен қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық байқауға белсене қатысты. Чириковка орта мектебінің қоғамдық инспекторы Геннадий Шишкановтың жұмысы “Еңбек қорғау жөніндегі үздік қоғамдық инспектор” аталымы бойынша байқауға қатысу үшін республикалық комиссияға жіберілді.

Кәсіподақтардың облыстық кеңесі және оның филиалдары білім беру қызметкерлерін және олардың балаларын санаторлық-курорттық сауықтыру, спортқа тарту жөнінде көп жұмыс жүргізеді. Бұрынғы жылдардағы сияқты, 2012 жылы да балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудың қала сыртында сауықтыру, мектеп жанындағы, бейіндік, палаткалық лагерьлер, жөндеу-құрылыс бригадалары, сондай-ақ көркейту, көгалдандыру бригадалары, орманшылық сияқты түрлері пайдаланылды. 11760 оқушы демалысқа және еңбекке тартудың барлық түрлерімен қамтылды. Жыл ішінде облыстық кеңестің жолдамалары бойынша Қазақстанның денсаулық түзеу орындарында 201 білім беру қызметкері және “Солнечный” санаторийінде кәсіподақ мүшелерінің 81 баласы сауықтырудан өтті. Кәсіподақ бюджетінен осындай шараларға 21 миллион 345 мың теңге жұмсалды.

Сол сияқты апатты жағдайлардан зардап шеккен білім беру қызметкерлерінің отбасыларына қайырымдылық көмек көрсету шаралары да жасалады. Мысалы, өрттен зардап шеккен кәсіподаққа мүше отбасыларына үй-күйін жөндеуге 500 мың теңгеге жуық қаржы бөлінді. Облыстық Білім беру басқармасына әртүрлі мерекелік шаралар өткізуге және педагог кадрларға құрмет көрсетуге 1 миллион теңгеге жуық демеушілік көмек көрсетілді. Облыс мектептері басшыларының Астана қаласына туристік саяхат жасауына облыстық кеңестің кәсіподақ бюджетінен 500 мың теңге қаржы бөлінді.

Кәсіподақ мүшелері қатарын өсіруді үнемі назарда ұстаймыз. Биыл жыл басында 31500 білім беру қызметкері кәсіподақ мүшесі болып табылды, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңдегіден 1000 адамға көп. Жыл ішінде кәсіподақтар ұйымына 2152 жаңа мүше қабылданды. Жалпы республикалық “Ұжымдық шарт жасаңыз!” акциясын өткізу барысында 2012 жылы 3 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Олар – 23 кәсіподақ мүшесі бар Ақжар ауданындағы “Айгөлек” балабақшасы, Петропавл қаласындағы сәйкес түрде 27 және 50 кәсіподақ мүшелерінің басын қосқан “Арай” және “Алтын бесік” бөбекжай-бақшаларының бастауыш ұйымдары. Сөйтіп, қазір облыста 630 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді, соның ішінде 3-еуі студенттік.

Әлеуметтік серіктестікті кеңейту, әлеуметтік индикаторлары өсімді ұжымдық шарттарды толықтыру жағдайында кәсіподақ жұмысын білікті кадрларсыз жүргізу мүмкін емес. Осы мақсатта біз кадрлар оқуына зор маңыз береміз. Өткен жылы 1857 кәсіподақ белсендісі білімін жетілдірді, соның ішінде 630-ы – кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, 14-і – аудандық (қалалық) кеңестердің төрағалары. “Щучье” санаторийінің базасында аудандық кәсіподақ кеңестерінің 30 төрағасы республикалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы федерациясының халықаралық білім беру ұйымымен бірлесіп өткізген семинарына қатысты. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарында, жұмыс орындарында облыс орталығындағы сияқты аудандарда да кәсіподаққа қатысты құқықық мәселелер бойынша кездесулер, әңгімелесулер, “дөңгелек үстелдер”, ақыл-кеңес берулер өткізу облыстық кеңестің жұмыс тәжірибесіне берік енді. Осының бәрі саладағы кәсіподақ жұмысының жетілдіріліп, оны одан әрі дамыту жұмыстары жүріп жатқанын көрсетеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp