«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПОДАҚ – СЕНІМДІ ТІРЕК

 

Қалалық Мәдениет үйінде Қазақстан кәсіподақтары күніне орай бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев әлеу­меттік серіктестікті дамытуда және қызмет­керлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауда белсенділік танытқан кәсіподақ өкілдеріне Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыс етті. 

Бүгінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлі мен беде­лін арттыру және әр ұжымда қыз­меткерлердің заңды құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қам­тамасыз етудің маңызы арта түсу­де. Биыл Қазақстан кәсіп­одақ­тары күні Үкімет қаулысы­мен мерекелер тізіміне еніп, тұңғыш рет аталып өтті. “Солтүс­тік Қазақстан облысының кәсіп­одақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бір кездері ұмытыла бастаған істі қайта жандандырып, еңбек ада­мының мүддесін қорғау бағы­тында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтсақ, кәсіподақтар орталығы елу мыңнан астам мүшесі бар білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, ауыл шаруашылығы, көлік, пошта байланысы салалық кәсіподақтары мен машина жа­сау, энергетика, темір жол кәсіп­одақ комитеттерінің жұмысын үйлестіреді. Бүгінгі таңда өңірі­міз­де бір мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылған. “Әр­бір кәсіпорын жұмысшының өмірі мен денсаулығын сақтауға мүд­делі болуы тиіс. Былтыр кәсіподақтар федерациясында “Қауіпсіз еңбек жылы” болып жарияланып, оның аясында бі­раз іс атқарылды. Федерация мен “Nur Otan” партиясының ең­бек қауіпсіздігі және еңбекті қор­ғау жөнінде жасаған меморан­думы кәсіподақтар жұмысына серпін бергенін атап өту қажет. Бұл меморандум қазақстандық­тардың құқықтары мен мүдделе­рі­нің қорғалуын бақылайтын құ­ралға айналды”, – дей келе об­лыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев осы істі алға сүйреп жүрген бір топ белсенді азамат­ты марапаттады. Еңбегі еленіп, қошеметке ие болғандардың қатарында 20 жыл бойы “Қазпош­та” АҚ облыстық филиалы жа­нындағы бастауыш кәсіподақ ұйымын басқарып келе жатқан Береке Шөпенова да бар. Оның айтуына қарағанда, бүгінгі күні кәсіподаққа мүше әріптестерінің барлығына да мүмкіндігінше әлеу­меттік көмек көрсетіліп ке­леді. “Көпбалалы, жалғызбасты аналарға және мүмкіндігі шектеу­лі бала тәрбиелеп отырған қыз­меткерлерімізге қол ұшын бере­міз. Бұл азаматтар 1-інші қыр­күйек пен 25 мамыр күні еңбек­ақысы сақталатын демалысқа шығу мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, ұжымда мерейлі жасқа келген азаматтарға, ардагерлерге түрлі деңгейде қаржылай қолдау көр­сетіледі. Балаларға жыл сайын жазғы лагерьлерге тегін жолдама береміз”, – дейді Береке Шөпе­нова. 

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: салтанатты сәттен көрініс.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp