Мектеп түлектерінің өздерінің жанына жақын, болашақ мамандықтарын жаңылмай таңдауы маңызды. Осы мақсатты көздеген “Демеу” балалық шақ мәселелерін үйлестіру орталығы” мектеп оқушылары үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы Әскери институтына экскурсия ұйымдастырды.
Жас өркеннің бойында Отанға деген сүйіспеншілік, елжандылық, қазақстандық патриотизм сезімдері осындай шаралар арқылы сіңіріледі. Әскери институтта жылына бірнеше рет өткізілетін тәрбие сағаттарына қала мен облыс аудандарының мектеп оқушылары қатысып, әскерилердің өмірімен танысуға мүмкіндік алды. Бұл жолы шаһарымыздың үш мектебінің жоғары сынып оқушылары әскери өмірдің қыр-сырымен, институт тарихымен танысып, түрлі қару-жарақтардың көшірмелерін ұстап көрді. Олардың арасында болашағын осы саламен байланыстырғысы келетіндер де болды.
Бүгінгі таңда оқу орнында 800-ден астам курсант білім алуда. Келер жылы олардың 200-ден астамы лейтенант шенін алып, қызмет орындарына аттанбақ.
Самат САПАРАЛЫ,
журналист.