Бүгін Петропавлда кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері арасында «WorldSkills Kazakhstan – 2019» өңірлік чемпионаты басталды.
Облыс орталығындағы 4 оқу орнында 19 түрлі мамандық бойынша кәсіби шеберлік байқауы ұйымдастырылған. Чемпионаттың мақсаты – жұмысшы мамандықтарын насихаттау, еңбек адамының мәртебесін көтеру, кәсіптік білім беру жүйесінде кадрлар даярлауды жетілдіру. 18 бен 22 жас аралығындағы 100-ден астам студент екі күн бойы өз білімдері мен біліктіліктерін сынайды.
«WorldSkills» халықаралық қауымдастығы 1953 жылы құрылған, бүгінгі күні оның қызметіне әлемнің 80-ге жуық елі тартылған екен. Бұл ұйымның негізі қызметі 22 жасқа дейінгі жастар арасында түрлі деңгейдегі кәсіптік жарыстар ұйымдастыру арқылы жұмысшы мамандықтарына назар аударту, жоғары кәсіптік стандарттардың дамуына жағдай тудыру. Ұйым 2 жылда бір рет әлем чемпионатын өткізіп келеді.