«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«КӘСІПТІҢ КӨЗІН ТАПҚАНДАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ»

Кәсіпкерліктің дамуы – ел экономикасын өркендетудің кепілі. Елімізде бұл саланы дамыту үшін мемлекет тарапынан жүйелі жәрдем жасалып келеді. Іскер жандарды қолдау мақсатында қабылданған бағдарламалардың бірі – 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы. Оның аясында қолдаудың екі түрі – субсидиялау және кепілдік ұсынылады. Кәсіппен айналысқысы келетін немесе бизнесін дөңгелетіп отырған азаматтардың осы бағытта қоятын сауалдары аз емес. Дәстүрлі айдарымыздың кезекті қонағы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин оқырмандарымыздың сұрақтарына жауап берді.

Қаламқас ЖҰБАНТАЕВА,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Мен қаламыздағы серіктестіктердің бірінде жұмыс істеймін. Тапқан табысым отбасыма жетпейді. Бірақ еңбекақы ай сайын әрі тұрақты төленетіндіктен жұмысымнан шықпай, қосымша кәсіппен айналысқым келеді. Кәсіп ашқысы келетін азаматтарға қолдау ретінде мемлекеттен қайтарымсыз грант немесе төменгі пайызбен несие берілетінін естіп жүрміз. Ешқандай санатқа жатпасам әрі жұмысым болса, өз жобамды жүзеге асыру үшін төмен пайызбен несие алуыма немесе қайтарымсыз грантқа қол жеткізуіме мүмкіндік бар ма?

– Кәсіп ашқысы келетін азаматтарды қолдау мақсатында оларға қайтарымсыз грант және жеңілдетілген пайызбен несие беріледі. 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз несиеге халықтың әлеуметтік осал тобына жататын адамдар ғана (көпбалалы, аз қамтылған, мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырғандар, қоныс аударушылар) қол жеткізе алады. Ал 5 млн. теңгеге дейінгі қайтарымсыз грант алуға өтініштер әлеуметтік кәсіпкерлер мен жергілікті шикізаттан тауар өндіріп отырған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жүлдегерлерінен ғана қабылданады.

Сіздің тұрақты жұмысыңыз болғандықтан екінші деңгейлі банктерге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Атамекен – Қызылжар» МҚҰ-ға жүгіне аласыз. Бұл ұйымдар беретін несиелердің жылдық пайыздық мөлшерлемелері 2,5-тен 22 пайызға дейінгі аралықты құрайды. Әрбір жоба жеке қарастырылады. Осы ретте мен өңірде кәсіптің көзін ашқандардың көбейіп келе жатқанын айтқым келеді. Олар қолдаусыз қалмайды.

Ербол БАҚЫТБЕК,

Қызылжар ауданы,

Бескөл ауылының тұрғыны:

– Қалаішілік және елді мекендерге қатынайтын тиімділігі аз автобустар мемлекеттен қаржыландырылып, тасымалдаушының шығыны субсидияланып келеді. Алайда «Бескөл – Петропавл» бағытындағы тасымалдаушыға мұндай қолдау көрсетіліп отырған жоқ. Соның салдарынан бескөлдіктер қоғамдық көлік қиындығын көріп жүр. Былтыр бұл мәселені облыс әкіміне жеткізген едік. Ол 101 бағытындағы тасымалдаушыға қаржы беру керектігін айтқан. Аталған бастама іске асты ма?

– Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы №50/4 «Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік маңызы бар қатынастарының тізбесін айқындау туралы» шешіміне сәйкес, №101 «Петропавл қаласы – Бескөл ауылы» бағыты әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесіне енгізілген. «Жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың шығындарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау қағидаларына» сәйкес аталмыш қоғамдық көліктің шығындары субсидияланады.

Қызғалдақ АМАНТАЙҚЫЗЫ,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Естуімше, мемлекет бизнес субьектілеріне инженерлік желілер тартуды өз мойнына алған. Аталған қолдауды қандай саладағы кәсіп иелері ала алады? Ол үшін кімге жүгіну керек?

– «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге өндірістік-индустриялық инфрақұрылым жүргізу түрінде қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, шағын және орта кәсіпкерлік жобаларына, жаңа өндірістер құруға, қолданыстағы өндірістерді жаңғыртуға және кеңейтуге қолдау қарастырылған. Бұл ретте инвестиция көлемі 200 млн. теңгеден кем болмауы тиіс. Ал инфрақұрылым салу құны 50 млн. теңгеден аз болмауы тиіс. Өңір кәсіпкерлері өндірістік инфрақұрылымды жүргізу туралы өтінішпен Петропавл қ., Парк көшесі, 57 В мекенжайында орналасқан энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына жүгіне алады.

Берік САНСЫЗБАЙ,

Есіл ауданының тұрғыны:

– Жалған кәсіпкерлікпен айналысатындар туралы жиі естиміз. Орын алған фактілер жайлы білгім келеді.

– Облыстық экономикалық тергеу департаменті көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл, жалған шот-фактуралардың жазылуын анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізіп келеді. Жалған кәсіпкерлік – экономикалық қылмыстың өзекті және кең таралған түрлерінің бірі. Осындай заңсыз қадамға барғандардың дені салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруды көздейді. Былтыр осындай 20 қылмыстық іс тіркеліп, оның 14-і сотқа жіберілді. «Жалған кәсіпорындар» келтірген залал 800 млн. теңгеден асты, оның 201,0 млн. теңгесі ерікті түрде өтелді. Үстіміздегі жылдың наурыз айында екі адамға қатысты үкім шығарылды. Олар сөз байласып, заңды қызметті жүзеге асыру ниетінсіз кәсіпкерлік субъектісін тіркеген және осының салдарынан мемлекетке 70 млн. теңге залал келтірген. Кінәлілерге екі жылдан үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Жалпы қылмыстың бұл түрі тұрақты негізде талданып тұрады.

Иса БАЙМҰҚАНОВ,

Мамлют ауданының тұрғыны:

– Біздің өңір – көлге бай облыстардың бірі. Әйтсе де балық шаруашылығын дамыту мәселесі өзекті саналады. Мемлекет басшысының өзі бұған дейін қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігін атап өтіп, балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеуді тапсырған болатын. Мен балық аулап, өз кәсібімді дамытқым келеді. Балықшыларға мемлекеттен субсидия беріле ме? Берілсе, оны рәсімдеудің қандай шарттары, талаптары бар?

– Өңіріміз балық аулау саласында айтарлықтай әлеуетке ие және осы сектордың дамуы мемлекеттік деңгейде белсенді қолдау тауып келеді. Қазақстанда балық шаруашылығы мен балық шаруашылығы саласын дамытуға және жаңғыртуға бағытталған бірқатар бағдарламалар бар. Кәсіпкерлерге жасалатын қолдаудың негізгі аспектілерінің бірі – балық аулау кәсіпорындарын субсидиялау.

Облыс аумағында 2,4 мың су айдыны бар болса, соның 589-ы «әлеуеті жоғары» санатына жатқызылған. Қазірдің өзінде 325 су айдыны мақсатты түрде пайдаланылып келеді. Резервте тағы 264 су қоймасы бар, болашақта балық аулау кәсіпорындарын кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер ашады.

Мемлекеттік қолдау инвестиция тартуда және бизнес тарапынан қызығушылықты ынталандыруда шешуші рөл атқарады. Соңғы жылдары бұл қолдау айтарлықтай өсті. Мысалы, балық өсіру шаруашылықтары үшін салықтық жеңілдіктер енгізілді, яғни мұндай кәсіпорындарға салынатын салықтар 70 пайызға төмендетілді.

Балық шаруашылығы субъектілері салынған инвестициялардың 25 пайыз өтемақысын қайтарып ала алады. Сондай-ақ жем құнының 30 пайызына дейін өтейтін субсидиялар бар, бұл балықты ұстау шығындарын айтарлықтай төмендетеді. Мемлекеттік қолдауға ие болу үшін ең алдымен, балық шаруашылығын өркендетіп отырған кәсіпкер ретінде тіркелу керек.

Ерлан ШЫҢҒЫС,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Биылдан бастап мемлекеттік сатып алу туралы заңға өзгерістер енгізілді. Өзім сияқты көптеген кәсіпкерлер сатып алу конкурсына қатысу арқылы табыс тауып отыр. Жаңа өзгерістер осындай кәсіп иелерінің жұмысына қалай әсер етеді?

– Мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру шеңберінде Президенттің тапсырмасы бойынша «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң әзірленді, ол 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Заң аясында конкурсты өткізу мерзімдері қысқартылды (конкурстық құжаттаманы талқылау 5-тен 2 жұмыс күніне дейін; өтінімдерді қабылдау 15-тен 5 жұмыс күніне дейін; өтінімдерді қарау және қорытындылау 10-нан 3 жұмыс күніне дейін). Сонымен қатар құрылысқа байланысты жұмыстар бойынша қоғамдық мониторинг енгізілуде. Бұдан былай сатып алуды жедел жүргізу және рәсімдердің кешіктірілуін болдырмау мақсатында шағымдарды сатып алуды ұйымдастырушының өзі қарайтын болады. Өзгерістер аясында 100 АЕК-ке дейінгі тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бір көзден сатып алудың 500 АЕК-ке дейінгі құқығы енгізілді. Ауылдық әкімдіктер үшін бір көзден сатып алу шегі 3000-нан 4000 АЕК- ке дейін ұлғайтылды.

Жоғарыда аталған өзгерістер тендерлерді өткізу рәсімдерін оңтайландыруға, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Евгений МЕЛЬНИЧУК,

«Мельничук және К» серіктестігінің басшысы:

– Біздің серіктестік картоп өсірумен айналысады. Несиемнің пайыздық мөлшерлемесінің субсидиясын екі жылдан бері ала алмай жүрмін. Бізден кейін құжат тапсырғандардың біразы қаржысын алып үлгерді. Қаржы төленбесе, биыл тыңайтқыш пен жанармайға ақшаны қайдан аламын?

– Субсидияны мемлекет төлейді. Қазіргі күннің өзінде мемлекеттің өңір кәсіпкерлері алдындағы субсидиялық міндеттемелері 21 млрд. теңгеге жуықтайды. Алайда ол қаржы әлі бөлінген жоқ. Республикалық бюджеттен бөлінуі тиіс ақшаны біз де күтіп отырмыз.

Дайындаған

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp