«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘУСАР ОЙДЫҢ ИЕСІ

“Қаламаймын өлімді,

Өмір сүргім келеді.

Өлеңнің тауып өзегін,

Көгін түргім келеді!”, – депті жерлесіміз, жазушы, журналист Ермек Қонарбаев өмірінің соңғы жылдарында жазған өлеңдерінің бірінде. Ол мынау фәнимен тұп-тура 46 жасында қош айтысты.

Қамшының сабындай келте өмірінде өндірте жазып, артына мол мұра қалдырып кеткен қаламгер көзі тірі болғанда 8 желтоқсан күні сексеннің сеңгіріне көтеріліп, қазақтың даңғайыр жазушыларының қатарында отырар ма еді? Амал нешік?!

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Ауыл өмірінің жыршысы” деген атаумен өткен Ермек Қонарбаевтың 80 жылдығына арналған еске алу кешіне қаламгердің көзін көргендер, ауылдастары, туған-туыстары мен шәкірттері қатысып, оның өмір жолы, шығармашылық мұрасы туралы ой өрбітіп, жылы лебізге толы естеліктерімен бөлісті.

Ермек Қонарбаев Шал ақын ауданындағы Көктерек ауылында дүниеге келді. Оның әдебиет пен журналистика әлеміне түрен салуы кездейсоқ емес. Жастайынан көркем әдебиеттің түрлі жанрларына, соның ішінде поэзияға іңкәрлігі қаламгерді қадамынан жаңылыстырмады: шығармашылық тұрғыдан толысуына, есімінің көкірегі ояу оқырман қауымға танылуына жол ашты. Қазақстанның құрметті журналисі Болат Қожахметов қаламгердің өмір жолын, жаратылысынан жұмбақтау мінезін де бірсыдырғы шолып өтті.

Шал ақын ауданына қарасты Белоглинка ауылындағы мектепте директор болған Ермек Қонарбаевтың алдынан көптеген шәкірт өтті. Солардың бірі ұзақ жылдар бойы облыс орталығындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта қызмет еткен Зәуреш Қайырбекова жазушының ұстаздық қыры жайлы сыр шертті. “Біз білім алған мектептің сол кездегі барлық оқушысы қазақ әдебиетін ерекше сүйіп оқыды. Өйткені, Ермек ағамыз бізді өзінің ұстамды мінезіне, терең біліміне тәнті етті. Ол бізді парасатты мінезімен зіл көрсетпей ұйыта білді, – деді Зәуреш Қайырбекқызы.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Әкімжановтің, күйші Серікбай Құсайыновтың, халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жангелді Тәжиннің, Ермек Қонарбаевтың туған қарындасы Әзкен Садықованың, қызы Нұрлыгүл Досанованың жылы лебіздері жиналғандарды елжіретті.

Бас-аяғы екі сағатқа созылған шара барысында Ермек Қонарбаев шығармаларында қаламгер оқырманға жария еткісі келіп, жаза алмай кеткен ойлардың да қылаң беретіні аңғарылды. Жазушы жұмбағы деген осы шығар, бәлкім!

 Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp