«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨГІЛДІР ОТЫНҒА СҰРАНЫС АРТТЫ

Облыста көгілдір отын тапшылығы шешімін тапқандай. Мұны өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі газ өндірісін дамыту департаментінің директоры Зияш Қияқбаев жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесуде айтты.

Соңғы үш айда сұйытылған газ тапшы болып, оның бағасы екі мәрте қымбаттаған еді. Алыпсатарлардың кесірінен бір текше метрі 75 теңгеге бағаланып, жанармай бекеттерінде тек талонмен сатылды. Бұл жағдай көлігі газбен жүретіндерді тығырыққа тірегені сөзсіз. Осы орайда, жергілікті монополияны реттеу департаменті үстіміздегі айдың басында газдың бағасын 51-ден 58 теңгеге көтеруге рұқсат беріп, бағаны одан әрі негізсіз қымбаттатқандарға айыппұл салатынын ескерткен. “Бүгінде газ тапшылығы жойылды. Жоспар бойынша облысқа 2,5 мың тонна газ бөлінді, сонымен қатар, Атыраудағы “Теңізшевроил” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен Петропавлға қосымша 1000 тоннадан астам көгілдір отын жөнелтілді”, – деді Зияш Қияқбаев. Оның айтуынша, орақ науқанына байланысты өңірге тиесілі газдың көп бөлігін элеваторлар пайдаланады екен.

Алайда, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әділбек Әубәкіров облысқа бөлінетін көгілдір отынның көлемі әлі де жеткіліксіз екендігін тілге тиек етті.

Орақ науқаны кезінде өңірімізге 5 мың тоннадан астам газ керек. Ал біздің облысқа газ 2,5-2,8 мың тонна көлемінде ғана бөлінеді. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Сонымен қатар, өңірде көлік жүргізушілерінің жанармай орнына газды пайдалануы көгілдір отынға деген сұранысты арттырды. Мәселен, өткен жылы 1100 көлікте газ пайдаланылса, үстіміздегі жылдың бес айында 800 жүргізуші көліктеріне газ қондырғыларын орнатқан, – деді ол.

Сұхбат барысында сұйытылған газдың заңсыз экспортталуы мәселесі де сөз болды. Көгілдір отын солтүстіктегі көршіміз – Ресейге заңсыз шығарылуда. Бұл – пайда көрмек болған алыпсатарлардың ісі. Өйткені, елімізде газдың бір тоннасы 23106 теңге болса, Ресейде ол екі-үш есеге қымбат.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp