«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОЛ ЖЕТЕ МЕ?

Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевтің төрағалығымен өткен кеңесте елді мекендерді газдандыру мәселесі талқыланды.

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қолға алынғалы отырған “Сарыарқа” газ құбыры магистралінің құрылысы жүргізілсе, 2024 жылы біздің өңірімізге көгілдір отын жетеді. Мақсатқа жету үшін, ең алдымен, жобаның техникалық-экономикалық дәйектерін зерттеп, дайындап жүрген “КАТЭК” инженерлік компаниясы жыл соңына дейін құрылыстың жобалық-сметалық құжаттарын өткізуге тиіс. Сол себепті, компанияның бас директоры Құндыз Нупов берілген аз уақытты тиімді пайдаланып, магистраль тартылуға тиісті өңірлерді аралап, жергілікті билік өкілдерімен келіссөздер жүргізуде.

Газ құбыры тартылады деген әңгіме көтерілгелі едәуір уақыт өтті. Сонау кеңестік заманнан бері ол қауесет түрінде қалып келеді. Газ Ресейден де, Қостанайдан да тартылатын болған, бірақ орнынан қозғалған іс жоқ. Көгілдір отынға қолдары жетпей жүрген көпшіліктің жаңа жобаны естіп, қуанып қалары сөзсіз.

“ҚазТрансОйл” АҚ-ның тапсырысы бойынша, Үкімет қаулысымен бекітілген жобаны “КАТЭК” компаниясы егжей-тегжейлі зерттеп, дайындап берсе, солтүстік өңірлердің газбен қамтамасыз етілетін күні алыс емес сияқты.

Жобаның бас сызбасы бойынша магистраль Астана, Көкшетау, Петропавл қалаларына кезең-кезеңмен тартылады.

Инженерлік құжат мақұлданып, құрылыс қолға алынса, жақын арада астаналықтар мен оның маңындағы елді мекендердің тұрғындары газды қолдана бастайды. Ал 2024 жылы газ құбыры Петропавл қаласына дейін тартылуы тиіс. Астана – Көкшетау – Петропавл күрежолының бойымен тартылатын құбыр бірінші кезекте Тайынша, Аққайың, Қызылжар, Есіл аудандарының 112 елді мекенін көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Жобаға өңіріміздің жеті ауданы енгізілмек. Ал облыстың батысында қалған Тимирязев, Ғабит Мүсірепов атындағы, Шал ақын аудандары кейін Қостанай облысынан тартылатын магистральға қосылуы мүмкін.

Құндыз Шамаханұлы жобаны қолға алған кезде бірінші кезекте облыс тұрғындарының газ қызметін тұтынушы ретіндегі ахуалымен танысқан. Зерттей келе, облыстағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер халықтың тұрмысы үшін көгілдір отынның қажеттігін және оны сатып алуға шамалары жететініне көз жеткізген.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp