«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨГІЛДІР ТУ

Желбіре, көгілдір ту, көк аспанда,
Не жетсін елге теңдік жарасқанға.
Сен – менің құдіретім, кием асыл,
Айбарың айтсын сөзді адасқанға.


Төрінде ту көтерген туған елдің,
Шалқисың толқынымен тулап желдің.
Тұғырына тәңірлік түс қайта қонды,
Қызылға қол созбаймыз шулап енді.

Азаттық аңсарынан кемел қармап,
Мұраты бүгінгінің – алыс бармақ.
Атынан алашымның топқа кірді,
Көк туы қазағымның әлем шарлап.

Көк байрақ, көк жалауша, көк асаба,
Тәрізді құт қазан мен қара саба.
Шідерін бодандықтың үзу үшін
Жеткендей тарих өзі арашаға.

Көкшіл түс қымбат саған, қымбат маған,
Қабақпен сыр ұқтырып, тіл қатпаған.
Өйткені, ол өзінің бар қасиетін,
Халықтың жүрегіне құндақтаған.

Керемет, керім біздің көкшулан ту,
Бағына бақытты Отан бек туған ту.
Бастайды уақыт көшін болашаққа,
Есесі кеткен күннен жоқ қуған ту.

Шөктіріп қанатына күн арайын,
Дегендей шынға шырқау шығарайын.
Туыңа қонды құтың қыран болып,
Азатсың, тізерлеме, тұр ағайын!

Кірмесін кіріптарлық түсіңе енді,
Елдіктің, еркіндіктің құсы келді.
Ұшырып алмағайсың абайсызда,
Кесірлік күні туса кісінейді.

Жер болған көңіліміз көтеріліп,
Шалқимыз қаршығадай кетер іліп.
Ес жиып, ерге қонар шақта мына,
Бер, тағдыр, пендеңізге жетелілік.

Түйін көп тәуелсіздік торабында,
Біз кірдік белді шешіп сол ағынға.
Ажарын аша түскен асыл тудың,
Көзайым өрнегі бар жолағында.

Өз туы, өз ардағы алашымның,
Содан да жанға жайлы, жарасымды.
Астында тұрар жұртың өсе берсін,
Көптігі қуат болар қарасынның.

Шөлдесе ел қиян кезіп су іздеген,
Сарсылып сан тараулы ну ізбенен.
Қуанам көптің бірі болғаныма,
Ішінде ел атынан ту іздеген.

Үмітті халқым сені иемденген,
“Туым бар – еншім толық тиер” деген.
Елімді, елін сүйген біздерді де,
Жүргейсің желеп-жебеп киеңменен.

Желбіре заңғарларда зерен туым,
Еркіндік сүйіншісі – ерен туым.
Бол куә бағы асқан сәттерінің,
Жаңа ұрпақ бүгінгіден кемел туып.

Көк туым иілмесін, жығылмасын,
Көзге – жас, кеудеге – өксік тығылмасын.
Тұрғанда көк байрағың көкті тіреп,
Туған ел, сен қашан да тұғырдасың!
Ербол ШАЙМЕРДЕНҰЛЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp