1993 жылы, небәрі елу үш жасында өмірден озған, есімі Есіл өңіріне танылған азамат, партия, кеңес қызметкері Мәркен Ахметбеков, көзі тірі болса, бүгін 75 жасқа толар еді. Ол аз ғұмырында айтарлықтай қызмет атқарып, адал еңбегімен ел-жұрттың есінде қалды.
Мен Мәркен Ахметбекұлын Бескөл аудандық атқару комитетiнiң төрағасы болып жүргенiнде бiлетiн едiм. Алайда, жақын араласуымыз ағаның Жамбыл ауданының бiрiншi басшысы болып келгенінен басталды. Осы қызметтi 8 жыл атқарған кезде ол iскерлiгiмен және адамгершiлiк қасиеттерiмен айқын танылды. Табиғатына бiткен рухани тазалық пен әдiлдiктi ту етiп ұстаған Мәкең кейбiр басшылар сияқты келе салып жергiлiктi мамандарды ауыстырмай, әр азаматтың қабiлетi мен ерекшелiгiн жете бағалап бiлдi. Тiптi, кейбiреулердi қызмет бабымен сынға алса да, артынан ақылын айтып, жөн сiлтеп отырушы едi, кек сақтамайтын. Өз басым адам бойындағы осындай қасиеттердi бағалайтын болғандықтан, ол кiсiнi аса құрмет тұтамын.
Жұмыс десе жалығу, шаршау дегендi бiлмейтiн. Бiрге қызмет жасай жүрiп, одан үйренгенiмiз аз емес. Неге екенiн қайдам, әйтеуiр Мәкең маған алғашқы күннен-ақ жақсы ықыласпен, үлкен сенiммен қарады. Жұмысымды бағалағаны болар, өзi келгеннен кейiн көп кешiкпей аудандық кәсiподақтар кеңесiнiң төрағасы қызметiне ұсынды. Екi жылдан кейiн бұл ұйым бүкiл Кеңес одағы бойынша таратылған уақытта, тағы да Мәкеңнiң қолдауымен аудандық партия комитетiнiң бюросы қазақ мектебiн бiтiрген менi орыс тiлiнде шығатын аудандық “Сельская новь” газетiне редактор етiп жiбердi. Сол бюроның отырысында Мәкеңнiң “Редакторды неге сырттан әкелемiз? Мына Таңат нағыз редактор емес пе?” – деген сөзi әлi есiмде. Сөйтiп, менiң 17 жылға созылған редакторлық қызметiм басталып кеткен едi. Өзi ауданда болғанда Мәкең маған осы қызметте әрқашанда қолдау көрсетiп отырды.
Мәкең сол жылдардағы кейбiр басшылар сияқты бiрiншi хатшының кең кабинетiнде қаңтарылып отырып, әмiршiлiк әдiспен жұмыс істеуден аулақ болды. Қай кезде болсын, ол еңбек адамдарының қайнаған ортасында, аудан өмiрiндегi ең бiр өзектi, күн тәртiбiнде тұрған қызу iстiң басы-қасында жүретiн. Осыған сай аудан еңбеккерлерiне, мамандарға, мұң-мұқтажын айтып шағымданушыларға оның кабинетiнiң есiгi әрдайым ашық болатын. Бұл қасиетi де Мәкеңнiң болашақта биiк қызметтерге көтерiлуiне себеп болған жағдайдың бiрi деп есептеймiн.
Бiздiң ауданның бiрiншi басшылығынан ол КОКП Орталық Комитетi жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға жiберiлiп, оны 1983 жылы ойдағыдай бiтiргеннен кейiн, облыстық атқару комитетi ауылшаруашылық және тамақ өнеркәсiбі бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары, Сергеев аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметтерiн атқарды. Көп ұзамай облыстық партия комитетiнiң екiншi хатшысы, Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты болып сайланды. Осылай сатылай өсе отырып, Мәкең қатардағы зоотехниктен мемлекет қайраткерiне дейiнгi жолдардан сүрiнбей өткен едi. Облыстың экономикасы мен әлеуметтiк жағдайының көтерiлуiне қомақты үлес қосты. Оның бұл еңбегi лайықты бағаланып, екi мәрте Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет Белгiсi” ордендерiмен марапатталды.
“Бiрге тумақ бар да, бiрге өлмек жоқ” демекші, онымен туыстай болып кеткен едік. Асыл ағаны ажал арамыздан алып тынды. Азамат ретiнде де, басшы ретiнде де көңiлiмде өшпес iз қалдырған Мәкең жайлы бiр ауыз жылы лебiзiмдi бiлдiрсем деген ниетпен бүгін қолыма қалам алып отырмын. Мәкең дүниеден өткенмен, оның артында өшпес iзi қалды. Және оның өмiрi, атқарған iсi өте мағыналы. Осыған орай Қазыбек бидiң:
Уа, сұңқарымыз тұғырдан ұшты,
Салмағы келiп Сiзге түстi.
Бәрiнен тағдырдың жазмышы
күштi,
Сұңқар ұшып, тұғыр қалды,
Ақыры соңында ұл-қызы қалды,
Өткеннiң берекелi iсi мен игi iзi қалды, – деп айтқан сөзi еске түседi.
Мәкеңнiң артында жеңгеміз Күләш Қошанқызы, ұл-қызы, өнегесi, мағыналы өмiрi, игi iстерi қалды. Ардақты азаматтың туған жерi Шал ақын ауданындағы Ыбыраев ауылындағы өзiнiң бiлiм алған мектебiне Мәркен Ахметбековтiң есiмi берілдi.
Осындай елге елеулi, халқына қалтқысыз қызмет етiп, өмiрден ерте өткен Мәкеңнің жарқын бейнесi ешқашан да ұмытылмайды. Өйткенi, оның өмiрi – өнеге.
Таңат СҮГІРБАЕВ,
“Асыл мұра” орталығының жетекшiсi.
Петропавл қаласы.