Облыс орталығындағы “Сити Молл” сауда-ойын-сауық орталығында тропикалық көбелектердің көрмесі өтуде.Мұнда аталмыш жәндік түрлерін тамашалау үшін келушілердің қарасы қалың.
Көздің жауын алатын көбелектер көрмесі павлодарлық әуесқойлардың бастамасымен өткізілуде. – Жәндіктердің бұл түрі зиянды емес. Біз оларды Филиппин аралдары мен Коста-Рикадан ұшақпен әкелдік. Ауа райы ыстық мемлекеттерде мекендейтін жәндіктер жоғары температураға үйренген. Бірақ көбелектердің барлығы бірдей емес. Орманды мекендейтіндердің кейбірі тіпті улы да болуы ықтимал, – деді шараны ұйымдастырушылардың бірі Кристина Партенадзе.
Көптеген аңыздарға арқау болған осынау әсем әрі құпия жәндік махабаттың, бақыттың, адалдықтың нышаны саналады. Мысалы, Батыс Еуропа елдерінде өтетін үйлену тойларында көгершіндердің орнына көбелектер ұшырып, жас жұбайларға бақыт пен пәк махаббат тілейтін көрінеді. Жалпы, бунақденелі жәндік тұқымына жататын көбелектердің 157 000 түрі бар екен. Сан алуан бояуларымен ерекшеленген көбелектердің көптеген түрі “Қызыл кітапқа” енген. Олардың ішінде ауыл шаруашылығына зиянды түрлері де кездеседі. Бұл ғажап жәндіктердің ішінде өмірінің соңғы кезеңінде мүлде қоректенбейтін түрлері де болады екен. Бірақ, өкінішке қарай, көбелектердің ғұмыры тым қысқа.
12 қазан күні Петропавл қаласында бастау алған көрме 2020 жылдың 12 қаңтарына дейін жалғасатын болады.
http://petropavltv.kz