Суретшілер одағының 85 жылдығына орай облыстық бейнелеу өнері мұражайында көрме өтіп, тұрғындар назарына өңірімізге танымал қылқалам және қолөнер шеберлерінің таңдаулы туындылары ұсынылды.
Осыдан үш жыл бұрын Суретшілер одағының облыстық филиалы ашылып, жыл сайын көрме өткізу дәстүрі қалыптасқан болатын. Осы жолғы көрмеге әртүрлі жанрдағы 30 картина мен қолөнер бұйымдары қойылды. Филиал төрағасы әрі қылқалам шебері Марат Қожахметов бата беріп тұрған ақсақалдың және жаугершілік заманда ерліктерімен көзге түскен Қарасай мен Ағынтай батырлар бейнеленген картиналарды ұсынды.
Көрме сөресіне қойылған туындылар түрлі жанрларды қамтығандықтан, сурет салу техникалары да әртүрлі. Қолөнер шебері Айдарбек Қалдыров көрмеге темір мен сүйектен және ағаштан жасалған композициясын қойған. Онда Ақан серінің Құлагері және Қараторғай атты бүркіті бейнеленген.
Көрмені тамашалауға жиналған көпшілік суретшілердің шеберлігіне таңданысын білдіріп, көңілдерінен шыққанын жеткізді.
Асхат ҚАЛИАСҚАРОВ.