Облыс ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына орай өткізілген флешмобқа өңір полициясында қызмет атқаратын тәуелсіздіктің 82 құрдасы қатысып, 25 патрульдік автокөлік жұмылдырылды.
Әсерлі бұл іс-шараны “25” санын құраған автопатруль машиналары бастады. Автомашина жүргізушілері тәуелсіз еліміздің жетістіктеріне, оның ішінде құқық қорғау органдары жүйесіне құрмет көрсетіп, мерекелік сапқа қатысушылардың барлығын құттықтады.
– Бұл іс-шараны өткізумен біз атаулы мерекенің маңыздылығын көрсеткіміз келеді. 25 жыл ішінде қазақстандық полиция жүргізіліп жатқан реформалар нәтижесінде қоғамдық қауіпсіздіктің тірегіне айналды. Ел Тәуелсіздігінің 36 құрдасы аудандық құрылымдарда, 46-сы қалалық және облыстық аппаратта қызмет етеді, – деді облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов.
Мерекелік лектің барлық автопатрульдері тәуелсіздіктің полицей-құрдастарынан құрылған “25” санын айнала жиналып, атаулы датаның логотипін құрастырды. “25” санымен жанған жарқылдауық белгілер композициясы түнгі алаңда көзтартарлықтай көрінді.
Флешмоб еліміздің туы түстес 82 көк және сары шарларды аспанға ұшырумен аяқталды.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.