«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Бұл алқалы жиынға Петропавл қаласының және аудандардың әкімдері, облыстық және аумақтық департаменттер мен басқармалардың, құқық қорғау органдарының басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Әкімдіктің отырысында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов Солтүстік Қазақстан облысында “Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы” Қазақстан Республикасы Заңының жүзеге асырылуы туралы есеп берді. Соңғы жылдары облыста мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымы айтарлықтай кеңейтілген. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес “Қазтест” жүйесі негізінде білім деңгейін бақылаудың жыл сайынғы тексеру желісі енгізілген. Соңғы үш жыл ішінде ол арқылы 5800 адам тестілеуден өткізілген. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында облыс бойынша ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізудің үлес салмағы 94 пайыз болған. Бұл көрсеткіш Павлодар, Қостанай, Ақмола және Қарағанды облыстарымен салыстырғанда жоғары. Алайда, облыстың денсаулық сақтау мекемелерінде мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізу көрсеткіші тіпті кеміп кеткен. Ал Есіл, Айыртау, Тимирязев, Ақжар аудандарында сын көтермейтін жағдайға жеткен. Өңір басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасына, Петропавл қаласы мен аудандардың әкімдеріне тілдер туралы заңнама талаптарын қатаң сақтауды, мемлекеттік тілде іс жүргізу үлесін қажетті деңгейге жеткізуді қатаң тапсырды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірімізде атқарылып жатқан істер жайлы баяндады. Биыл 13 денсаулық сақтау мекемесі жөнделіп, 55 санитарлық көлік пен 106 медициналық қондырғы сатып алынбақ. Облыс тұрғындарының өмір сүру жасы соңғы бес жылда өсіп, былтыр 69,9 жылға жеткен. Өңірде бала мен ана өлімін болдырмау бағытында мақсатты жұмыс жүргізілуде. Онкологиялық, туберкулез ауруларынан шетінеу көрсеткіші біршама төмендеген. Бүгіндері облыста денсаулық сақтау мекемелерінде дәрігер тапшылығын жою мәселесін шешу қажет. Облыс басшысы бұл мәселеге қатысты тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов өңірімізде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін насихаттау және қолдану бойынша атқарылып жатқан істерді тілге тиек етті. Содан кейін ол Мемлекеттік рәміздерді қолдану барысында кездесетін қателіктер мен тексерістер барысында анықталған кемшіліктерге тоқталды.

Облыстық әкімдіктің кезекті отырысын қорытындылаған өңір басшысы Ерік Сұлтанов көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, тиісті орындардың басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp