«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“КӨКЕК” ӘКЕЛЕР КӨБЕЙІП БАРАДЫ

Бүгінгі таңда алимент төлеуден жалтарып жүрген облыс тұрғындарының қарызы 35 миллион теңгеге жеткен. Сот орындаушыларының қолында алимент төлемегендерге қатысты 4873 сот шешімі бар. “Көкек” әкелердің 655-і – бірнеше ай бойы төлем жасаудан жалтарып жүрсе, 132-сі мүлдем төлем жасамайтындар.

Осындай мәліметтер Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалындағы кезекті баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды. Облыстық әділет департаментінің басшысы Руслан Кактайдың сөзіне қарағанда, борышын өтеуден қасақана жалтарғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мәселен, борышкерлер үш ай бойы және одан артық мерзім ішінде алимент төлемеген жағдайда өндіріп алушы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 139-бабы бойынша борышкерді жауапкершілікке тарту туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы. Аталған бапқа сәйкес қашқын әкеге екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Кейінгі уақытта қоғамды алаңдатып отырған басты проблемалардың бірі – алимент өндіру мәселесі. Әкелік борышын өтеуден жалтаратын борышкерлер саны күннен-күнге өсуде. Алимент төлеуден қашып жүргендердің тізімінде бес мыңға жуық азамат бар. Олардың ішінен 655 тұлға балалары алдындағы қарызды тек анда-санда ғана өтейді. Ал 132-сі борышын мүлде қайтарғысы келмейді. Азаматтарды мәжбүрлеп төлем жасатуға бағытталған заңмен берілетін өкілеттіліктер аз емес. Ол тетіктер алдағы уақытта пайдаланатын болады, – деді Руслан Кактай.

Ведомство басшысы Қызылжар ауданында “Алименттерді төлету бойынша 30 қадам” қанатқақты жобасы жүзеге асырылмақ. Прокуратура және ішкі істер департаменті бірлесіп қолға алатын жобаның қорытындысы 2017 жылдың бірінші тоқсанының соңында шығарылмақ.

Брифингте жұмысшылардың жалақыларын өндіріп алу мәселесі де қозғалды. Жыл басынан бері облыстық әділет департаментінде осыған қатысты 99 құжат қаралған. Нәтижесінде 85,6 млн. теңге жалақы қайтарылып берілген. Енді, тек күрмеуі шешілмеген бір мәселе қалыпты.

– Ақжар ауданындағы “Ащыкөл элеваторы” ЖШС-нің жұмысшыларына 7,4 млн. теңге берешегі бар. Қазір бұл сома біртіндеп қайтарылуда, бүгіндері 4,4 млн. теңге өндірілді. Серіктестікті банкрот деп тану туралы өтініштің қабылдануына байланысты өндіріс уақытша тоқтатылды, – деді департамент басшысы.

Сондай-ақ, жиында қалалық жер қатынастары бөлiмiнің басшысы Жомарт Еркін журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Бүгінгі таңда облыс орталығында баспана тұрғызуға жер алу кезегінде 8 мыңға жуық адам тұр. Үстіміздегі жылы жер комиссиясы тұрғындардың 3830 өтінішін қарап, оның 3023-ін мақұлдаған. Бір ескеретін жайт, учаскелер азаматтарға берілмес бұрын ол жерге алдымен инженерлік-коммуникациялық желілер тартылуы тиіс.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp