“Көкнәр – 2015” жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Петропавл қаласы ішкі істер басқармасының есірткі бизнесіне қарсы күрес бөліміне “Северный” дүкені аумағында орналасқан үйлердегі пәтерлердің бірінде бір топ азамат есірткі пайдаланып жатыр деген жедел ақпарат келіп түскен. Кешікпей ақпараттың растығы анықталды. Мекенжайды тексеру кезінде жалға берілетін аталмыш пәтерде есірткі сатып алып, пайдаланатын тұлғалардың үнемі жиналатындығы белгілі болды.
Пәтерді тінту барысында шприцтер және полимерлік пакеттерде сақталған сарғыш түсті, салмағы 8 грамм ұнтақ зат табылды. Сот-химиялық сараптама тәркіленген ұнтақтың героин екендігін анықтады. Ұсталғандардың екеуі де бұған дейін де осы тәрізді қылмыстары үшін сотталған. Наркологиялық диспансерде есірткіге тәуелді тұлғалар ретінде есепте тұр. “Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Петропавл қаласының отыздар шамасындағы екі тұрғыны тергеу оқшаулағышына қамалды”, – деді Петропавл қаласы ішкі істер басқармасының есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің бастығы Данияр Найкин.
Операция басталғаннан бері облыс аумағында есірткіге қатысты 54 құқық бұзушылық тіркелді. Жыл басынан бері өңірімізде заңсыз айналымнан 15 килограмнан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Оның 13 килограмы – марихуана және 800 грамнан астамы – героин. “Көкнәр – 2015” жедел-алдын алу іс-шарасы қазанның 30-ында аяқталады.
Юрий КЛЫКОВ,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің инспекторы.