Есіл ауданының Николаевка ауылындағы «Кантемир-Агро» серіктестігі көктемгі егіс жұмысына әзірлікке білек сыбана кірісіп кеткен. Күзде жерлерін жыртып қойған іскер мамандар қазір техникаларын қалыпқа келтіріп, ескірген құрал-саймандарды жаңасына ауыстыруда. Агроқұрылым жанынан өткен жылы техника бөлшектерін жөндейтін шеберхана ашылған. Соның арқасында көлікті басқаратын жұмысшылар енді аудан мен облыс орталығына сандалып жүрмейді.
Серіктестік инженері Игорь Дынниктің айтуынша, қазіргі таңда шаруашылықта 50 техника бар, 30 адам еңбек етуде. Күн жылынысымен тағы 20-ға жуық адамды жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр. Петропавл қаласындағы автобөлшек дүкендерімен келісімшартқа отырған компания алдағы уақытта қажеттілік туындаған жағдайда құрал-сайманды сол дүкендерден алмақшы.
Шаруашылықтың 7 мың гектар егіс алқабының 40 пайызына дәнді дақыл егілсе, қалғаны майлы дақылға арналады. Өткен жылы серіктестік еңбеккерлері гектарынан 24 центнерден астық жинаған.
– Мың гектар аумақты парға қалдырамыз да, басқасына майлы және дәнді дақылдарды егеміз. Мамандар тұқымның сапалы болуына ерекше мән беруде, – дейді «Кантемир-Агро» ЖШС-ның директоры Болат Әбілмәжінов.
Бір өкініштісі, серіктестікте жұмыс күші тапшы. Диқандар жастардың көбі қара жұмыс істеуге құлықсыз екенін айтады. Шаруашылық қызметкерлері қыс уақытында айына орташа есеппен 300 мың теңге көлемінде жалақы алса, жазда табыстары 1 млн.-ға дейін артады екен.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».