«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКТЕМГІ ҚАРБАЛАС

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов бұрнағы күні Петропавл қаласының шеткері аудандарын аралап, көшелерді су алып қалудан қорғауға байланысты тиісті басшыларға тапсырмалар берді. Жұмысшы кентіндегі Украин көшесінің тұрғындары жол бойындағы су деңгейінің күннен-күнге көтеріліп келе жатқанына шағымдануда. Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетовтің айтуынша, бүгіндері су сору жұмыстары үзбей жүргізілуде.

– Бір тәулік ішінде 290 тұрғын телефон соғып, көмек сұрады. Соның 263-іне дер кезінде қол ұшын бердік. Екінші мәрте телефон шалатындар да бар. Ал құтқару қызметі қалғандарына бүгін барады, – деді Марат Иманбайұлы.

Жұмысшы кентіндегі Украин және Панфилов көшелеріндегі төтенше жағдайды шешу үшін ағынды су кәрізін және жолдарды жөндеу ұсынылды.

– Жобалық-сметалық құжатты қараймыз, бірақ көмекке зәру тұрғындарды күттірмей, көшелерді судан тазарту жұмыстарын жалғастыра беру қажет, – деді Ерік Сұлтанов.

Бұдан кейін өңір басшысы Жұмысшы және Заречный кентінің, Ойқаланың бірқатар көшелерін аралады. “Биыл жылдағыға қарағанда қар қалың түсті. Петропавл қаласының өзінен 55 мың текше метр қар сыртқа шығарылып, тазалау жұмыстары уақтылы жүргізілді. Осылайша су тасқынының ауыр зардабынан құтылдық”, – деді өңір басшысы. Алдағы уақытта да құтқару қызметінің құрылымдары үйлерін су басқан тұрғындарға көмек беруді тоқтатпайды. Сондай-ақ, облыс әкімі қала көшелеріндегі ағынды су кәріздері, су тарту жүйелері бойынша шешімін күткен мәселелердің бар екенін де айтты.

Бүгінгі күні облыс орталығында еріген қар суынан тазалау жұмыстарына 64 бірлік техника мен 10 мотопомпа жұмылдырылған.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp