
Көктем мезгілінде табиғат жаңарып, айнала шуаққа бөленіп, тіршілік өзгеше реңкке боялатыны көңіл күйімізге оң әсер еткенімен ағзаның жүдеу тартатын шағы да осы кезбен тұспа-тұс келетіні баршаға аян. Ендеше, “жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында” пайда болатын бойкүйездікті қалай жеңуге болады?
Көктемде иммундық жүйеміз әлсіреп, дәрумен қоры таусылады. Осы мезгілде қыстан қалған жемістер мен көкөністер құрамындағы барлық пайдалы дәрумендер құрамы өзгеріп, зиянды қосылыстар пайда болады. Мұндайда ағза қажеттіліктерін күнделікті тұтынатын азық-түлікпен қалпына келтіру қиын. Әлсіздік пен түрлі сырқаттардың пайда болуының басты себебі де осы.
Ауа райы өзгеріп жатқанда, адамдардың қан қысымы төмендеп, бас ауруы жиі мазалайды. Буындар сырқырап, ескі жаралар мен созылмалы аурулар сыр бере бастайды. Осындайда дәрігер көмегіне жүгініп, ауырғанды басатын дәрі-дәрмектерді алып қоюға кеңес береміз.
Ал бойыңыз дел-сал болып, ойыңыз шашырап, көру қабілетіңіз нашарласа – А дәруменін, жүйкеңіз жұқарып, шашыңыз түсіп, тырнақ сыну байқалса – В дәруменін, ағзаңызда зат алмасу процесі нашарлап, буындарыңыз сыр беріп жатса, С дәруменін пайдаланыңыз. Отбасыңызбен дәрумендер кешенін қабылдасаңыз да артық болмайды.
Авитаминозды еңсеруге көмектесетін пайдалы қосылыстарға бай зімбір шайын ішіңіз. Оған бал, лимон қоссаңыз, сергітетін пайдалы шырын болады. Ағзаның саулығы үшін оған толыққанды демалыс қажет екендігін де естен шығармаңыз. Күніне кем дегенде 8 сағат ұйықтап, түс уақытында мүмкіндік болса, бір мезгіл мызғып алғаныңыз жөн. Таза ауада серуендеуді ұмытпаңыз. Эмоцияларыңызды қадағалап, жүйкенің тыныштығын сақтаңыз.
Осы айтылған кеңестерді орындасаңыз, шуақты көктемді шаршап емес, шаттықпен қарсы аласыз.
Аяулым АГЛИХАНОВА,
“Апаттар медицинасы орталығы”
мемлекеттік мекемесінің фельдшері.
Сурет https://ural.aif.ru/ сайтынан алынды.