«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКТЕМГІ ӘЛСІЗДІК

Дертті дер кезінде анықтау – саулық кепілі. Ал емделу үшін алдымен оның алғашқы белгілерін білген жөн. Сіздер газетіміздің “Денсаулық” бетіне хат жолдап, сырқат түрлерінің белгілері мен емделу жолдары жайында толық мағлұмат ала аласыздар. Ол үшін газетіміздің мекенжайына, не болмаса электронды поштасына хат жолдасаңыз жеткілікті. Сауалдарға облысымыздың білікті дәрігерлері жауап беретін болады. Бүгінгі хат Петропавл қаласынан келді.

“Көктемнің жайма-шуақ күндері көңілге тек қуаныш ұялатады. Ұзақ ұйқыдан бусанып оянған тіршіліктей көктемде адамның ағзасында да өзгерістер байқалатыны аян. Жұмысқа деген қабілетім төмендеді. Ұйқым келіп, тез шаршайтын болдым. Халқымыз осы мезгілді “қараөзек шақ”, “жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы” деп бекер айтпаса керек. Ол да дәрумендердің аздығынан болса керек. Әлсіреген ағзаны қалыпқа келтіру үшін осы шақта қандай дәрумендерді пайдаланған дұрыс?” – дейді хатында Сәуле Мырзалиева.  

Сауалға облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының валеологі Ақжайық Әлімжанова жауап береді:

– Дәрумен жетіспеушілігінің түрлі себептері бар. Біріншіден, дәрумендер ағзаға жеткіліксіз мөлшерде түссе, екіншіден, ас қорыту жүйесінің ауруларынан дәрумендер ағзаға сіңбейді. Оның тапшылығы, әсіресе, көктемгі уақытта ерекше байқалады. Егер ағзадағы дәрумен қорын толтырып отырмаса, эндокринді жүйенің жұмысы нашарлап, созылмалы аурулардың өршу қаупі артады. Иммундық жүйе жұқаруы мүмкін. Адамдардың көпшілігінде қан қысымы төмендеп, басы ауырады. Мұндай кезде бұрыннан созылмалы аурумен ауыратын адамдардың дерті қайта қозса, кейбіреулер жаңадан ауру жұқтыруы мүмкін. Ер адамдарға қарағанда, әйелдер дәрумен тапшылығына жиі ұшырайды.

Қолданылатын дәрілік дәрумендердің, табиғи көздерден алынатын дәрумендерге қарағанда, ағзаға аз сіңірілетіндігі дәлелденген. Сондықтан көктемде ас мәзіріне көкөністі мейлінше көп пайдалану керек. Сарымайды, жұмыртқаны, балықты, етті, сүтті, ірімшікті ұмытпаған жөн. Аталған тағамдарда дәрумендердің қоры көп. Мәселен, сүттің құрамындағы “Д” дәрумені кальций жетіспеушілігінің алдын алады.

Ұлттық тағамдарымыздан қымыз, шұбат сусындарын ұдайы ішіп отырған адамның иммунитеті нығаяды. Тары-талқан бойға күш-қуат беріп қана қоймай, дәрумендерге байытады. Ересек адам күніне 1 литрге дейін табиғи сүт ішсе, дәрумен тапшылығын сезінбейді. Қанды көбейтіп, сіңірлерді бекемдеу, денені қуаттандыру үшін қант қызылшасы пайдалы.

Көктемде көкөніс шыға қоймайды. Сол себепті қолда бар көкөніс пен жемісті іске жаратып көріңіз. Халық арасында кең танылған алма мен сәбіздің шырынын ішуге болады. Өрік, мейіз, жаңғақ, лимон және бал қосылған қоспаны күніне бір рет ас қасықпен жеп отырыңыз. Олар ағзаңызды табиғи дәрумендермен байытып қана қоймай, әлсіздікті жойып, иммунитетіңізді нығайтады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp