Өңір басшысы Ерік Сұлтанов Жамбыл, Тимирязев аудандарында болып, көктемгі-дала жұмыстарының барысымен танысты.
Жамбыл ауданындағы жазғы дақылдар алқабы 290 мың гектарды құрайды. Аудан тұқым себу жұмыстарын он күн ішінде аяқтап шығуды жоспарлап отыр.
Ерік Хамзаұлы “Шатило және К” серіктестігінің егістік алқабында болды. Көктемгі науқанға 265 адам жұмылдырылған екен. Далада заманауи себу кешендері жұмыс істеуде.
– Бір күнді де босқа жібермеңіздер. Себу мерзімі әрбір ауданда жағдайға қарай ұзартылған. Алайда, Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясы мамандарының ұсынымы бойынша көктемгі-дала жұмыстарын 8 маусымға дейін аяқтауға тиіспіз, – деді облыс әкімі.
“Агротехника-Жамбыл” ЖШС егіншілікпен бірге мал шаруашылығымен де айналысады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер биыл 67 мың гектарға ырыс дәнін сіңірмек. Бүгінгі күні оның жартысына жуығы атқарылыпты.
Жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Архангелка ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Олар өңір басшысына Бауман ауылына дейінгі жолды жөндеп беру жайында өтініш білдірген көрінеді. Ерік Сұлтанов бұл мәселені мүмкіндігіне қарай шешуге уәде берді.
Ауданға сапарының соңында облыс басшысы Пресновка ауылындағы Жеңіс саябағына соқты. Биыл онда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың есімдері жазылған мемориалдық тақта орнатылыпты.
Тимирязев ауданында Ерік Хамзаұлы ең алдымен көктемгі-дала жұмыстарының барысына назар аударды. Биыл аудан диқандары 260 мың гектарға ырыс дәнін сіңіргелі отыр. Далада жұмыс қызу қарқынмен жүргізілуде.
Облыс әкімі жақсы өнім алу үшін таяудағы күндері тынымсыз жұмыс істеу қажеттігін атап айтты. Ол үшін барлық мүмкіндіктер жасалған: топырақта ылғал жеткілікті, агроқұрылымдар қажетті дәрежеде тұқыммен, гербицидтермен және техникамен қамтамасыз етілген.
Биыл солтүстікқазақстандық диқандар 4 миллион гектардан астам алқапқа жаздық дақылдар себуге міндеттеніп отыр. Осы мақсатқа 5 мыңнан астам техника, оның 1088-і – жоғары өнімді себу кешендері, жұмылдырылған.
Ерік Сұлтанов жұмыс бабымен Аққайың ауданында да болды. Онда 269 ЖШС мен ШҚ бар. Жалпы егістік алқап 210 мың гектарды құрайды, биыл оның 162 мың гектарына бидай себілмек. Бүгінгі күні көктемгі дала жұмыстарының 50 пайыздан астамы атқарылған.
Қазір диқандар үшін ауа райы қолайлы болып тұр, сондықтан агроқұрылымдар себу науқанын белгіленген мерзімде аяқтауға бар күштерін жұмылдыруда.
Аралағаш ауылдық округінде егістік алқаптың жартысынан астамына тұқым себіліпті. “Черкасское” ШҚ 4 мың гектар жерге бидай сіңірмек. Өңір басшысы оны 3-4 күнде аяқтаудың аса маңыздылығына тоқталды.
Ерік Хамзаұлы симменталь тұқымды қара мал өсірумен айналысатын “Дайындық” шаруа қожалығына да арнайы ат басын бұрды. Агроқұрылым басшысы Біржан Шаймерденов асылтұқымды мал өсірумен бірнеше жылдан бері айналысатындығын, жазғы жайылымдықта 800 бас мал бағылып жатқандығын айтып берді.
Жақын ауылдық округтердің әкімдерімен болған кездесуде Ерік Сұлтанов мал шаруашылығын дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, бұл саланың бәсекелестікке қабілетті болу керектігін атап айтты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.