«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКТЕМНІҢ ЖАРШЫСЫ — ӘЗ НАУРЫЗ

Облысымызда табиғат ананың жаңаруы мен қайта түлеуін білдіретін ең шуақты мейрам – әз Наурызды тойлау басталып кетті. Биыл мерекелік шаралар үш күнге жоспарланып отыр. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Петропавл қаласының орталық алаңындағы салтанатқа халық көп жиналды. Бұл күні Алланың нұры – ақ жауын да сіркіреп тұрды. Көрген адам қол алысып, төс қағыстырып күн мен түннің теңелген сәтімен бірін-бірі арқа-жарқа құттықтап жатты.

Наурыз мерекесінің жойылып барып қайта оралуы, халықтың сүйікті мейрамдарының біріне айналуы – бірінші кезекте ел Тәуелсіздігінің арқасы. Әлемдік кеңістікте өз беделі мен орны бар Қазақстанның егемендік алғанына да биыл 25 жыл толғалы отыр. Достық пен бейбітшілікті ту еткен елдің көп ұлтты тұрғындары Наурыз мерекесінде де бұл атаулы күнді ескерусіз қалдырмады. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы алдына Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойының құрметіне ұзындығы 25 метрлік Достық дастарқаны жайылды. Этномәдени орталықтар өздерінің ең дәмді деген тағамдарын жиналған жұртшылыққа ұсынды. Дастарқандағы дәмнен алғашқылардың бірі болып облыс әкімі Ерік Сұлтанов ауыз тиді.

“Наурыз – бар ұлттық болмысымызды, құндылығымызды көрсететін мейрам. Мен 1988 жылы әз Наурыз алғаш рет тойланғанда Мәскеу қаласында атап өткен болатынмын. Cодан бері жыл сайын Қазақстанды мекен еткен 130-дай ұлт пен ұлыстың өкілдері арасында мерекелеп келемін. Наурыз өзінің ерекшеліктері, өзіндік дәстүрі қалыптасқан мейрамға айналды. Биыл бір жаңалық енгізейік деген оймен Достық дастарқанын жайдық”, – дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының облыстық филиалының төрағасы Сағындық Салмұрзин.

Дастарқанға тамақтың түр-түрі қойылды. Әр ұлт өзінің дәмін мақтап жатыр. Бауырлас күрд халқы да барын ұсынған екен. Күрдтердің “Барбанг” этномәдени орталығының басшысы Рашид Надировтың айтуынша, қазақ пен күрдтің тағамдары ұқсас келетін көрінеді. “Біздің ассамблея құрамында 25 этномәдени орталық бар. Биыл – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы. Сондықтан дастарқанның ұзындығын осы екі санға негіздеп жасадық. Күрдтердің еттен, жүзімнің жапырағынан, ұннан жасалған ондаған тағамдарын қойдық”, – дейді ол.

Орталық алаңның безендірілуі Наурыз мерекесінің мәнін аша түскендей. Дәл ортаға биіктігі 5 метрлік тілек ағашы орнатылды. Бұл – астаналық дизайнерлердің мерекеге жасаған тартуы екен. Сахнаның да биыл ерекше жасалғаны көрініп тұрды. Ал мерекелік бағдарлама Қыдыр атаның ақ батасымен басталып, “Қара жорға” биімен жалғасты. Бүгінде бұл би кез келген тойдың сәнін келтіріп жүр. Сондықтан Наурызды да “Қара жорғамен” бастап, алаңдағы жұртты бір билетіп алғаны өте ұтымды шықты.

Әз Наурыздың басты дәмі – наурызкөжесіз мерекенің сәні қайдан кірсін?! Облысымыздың қыз-келіншектері көнеден келе жатқан бұл тағамды жасаудың сан түрлі үлгілерін көрсетті. Құрамына жеті түрлі тағам кіргенімен, ол әр өңірде әртүрлі дайындалатыны белгілі. Ботагөз Қожабекова да өзі дайындаған көжесін “Ең дәмді наурызкөже” байқауына алып келіпті. “Наурыз мерекесі келгенде әрбір отбасы көже пісіруі керек. Наурыз – ұзын сарының келетін кезі. Қыстан қысылып шыққан ағайын-туыс бір-бірінің үйін аралап, астан дәм татады. Және наурызкөжені тауысып ішу керек. Еліміздің оңтүстік, солтүстік, батысы мен шығысында оны әртүрлі жасайды. Ең бірінші су, оған соғымнан қалған сүрі мен жас ет салынады, астың дәмі тұзсыз кірмейтіні тағы белгілі. Ежелден мал баққан қазақта ақсыз тамақ болмайды. Сондықтан көжеге сүт, айран, қатық немесе құрт қосылады. Дәмдеуіш бұрыштар мен пиязды да қосу керек деп ойлаймын. Ал соңғысы – дәнді дақылдар, мысалы арпа, бидай. Ал оңтүстік өңірлерде оның орнына мейіз пайдаланады”, – дейді ол.

Наурыз – бір-бірін жылы сөзбен ғана емес, ыстық тағам ұсынып та қуантатын мейрам. Яғни, азаматтардың жомарттығы да осындай мерекелерде көрініп қалады. Орталық алаңның бір бұрышында ашық отқа қазан асып, палау пісіріп, жиналған жұртқа буын бұрқыратып таратып жатса, екінші бұрышында ыстық бауырсақ тегін үлестірілді. Қазақтың ұлттық тағамдарының бірі – бауырсақ жеуден байқау ұйымдастырылып, жиналған жұрттың көңілін бір көтеріп тастады.

Ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткізбей, Наурыздың сәні болмайтыны белгілі. Бұл жолы да жауған жаңбырға қарамастан, арқан тарту, гір көтеру, шахмат және тағы да басқа спорт түрлерінен мықтылар анықталып, марапатталып жатты.

Бұл – Наурыздың бірінші күні болған шаралардың біз көрген бір парасы ғана. 22 наурыз күні той Мағжан Жұмабаев көшесінің бойында жалғасады. Мұнда қаз қатар киіз үйлер тігіліп, ән мен күйден шашу шашылады деп жоспарланған. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында аймақтық айтыс өтеді. Көптеген көңілді байқаулар да көрермендерін күтуде.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp