«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКТЕМНІҢ ҚАРБАЛАСЫ КӨП

Облыстық прокуратура мамандары ұйымдастырған баспасөз мәслихатында көктемгі су тасқынына әзірлік барысы сөз болды.

Төтенше жағдайларға дайындық барысында “Азаматтық қорғаныс туралы” Заңнаманың талаптарын сақтау жөнінде баяндаған облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Самат Темірбаев өткен жылғы жағдайға да тоқталды. Су тасқынының алдын алуда қар тазалауға жауапты азаматтардың қызметтік міндетін дұрыс орындауы да аса маңызды. Қазіргі таңда өңіріміздегі 22 су бөгенінің сегізі апаттық жағдайда. Солардың бірі – Уәлиханов ауданындағы Сегізкөз бөгені. Қыруар қаржы бөлініп, биыл қайта жөндеуден өткеніне қарамастан, мердігер компанияның салғырттығынан бөгеннің сегіз тірегінің үшеуі жарамсыз күйде тұр. Жергілікті атқарушы органдар жауапсыз мердігерлердің үстінен сотқа арыз берді.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ерік Сарыбаевтың айтуынша, үстіміздегі жылы су тасқынына дайындық шараларына облыс бюджетінен 495 млн. теңге қарастырылған. Алайда, биыл қар қалың түскендіктен, мамандар бұл қаржыны жеткіліксіз деп отыр. Биыл облыс бойынша төтенше жағдайларға қарсы күрес шараларына техникалар қажетті мөлшерде сатып алынған. Су тасқынының алдын алу бойынша кешенді жоспар құрылып, жұмыстар соған сәйкес жүргізілуде. Егер сын сағатта облыс мамандары немесе техника жетпей жатса, басқа өңірлердегі әріптестері көмекке келуге дайын. Бұл туралы олармен арнайы келісім жасалған.

Гүлмайра КЕНЖЕБОЛАТОВА,
облыстық прокуратураның жетекші маманы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp