«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКТЕМ КЕЛДІ, СЕҢ СӨГІЛДІ

“Tikeleı baılanys” айдарының кезекті қонағы – облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев “Soltústik Qazaqstan” газетінің электронды поштасына және WHATSAPP желісіне келіп түскен оқырмандардың сауалдарына жауап берген болатын. Бүгін осы әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Арман БЕКМҰРАТ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– 2017 жылы өңір тұрғындарының су тасқынынан зардап шеккенін білеміз. Үстіміздегі жылы да дәл осындай төтенше жағдай орын алмаса жарар еді. Осы орайда қандай алдын алу шаралары жүзеге асырылуда?
– Биылғы қыста қардың әдеттегіден қалың түскені белгілі. Сондықтан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары көктемгі жағдайды жіті бақылап отыр.
Қардың күрт еруінен өңіріміздегі өзен-көлдерге жақын орналасқан 92 елді мекенді су алу қаупі бар. Осыны ескеріп кешенді жоспар құрдық, қыстың алғашқы айынан бастап табиғи апаттың алдын алуға арналған әзірлік шаралары қолға алынды. Біз биыл адам және мал шығынын болдырмау мақсатында елді мекендерді және облыс орталығының су басу қаупі жоғары шағынаудандарын аралап, тұрғындарға ескертулер мен жадынамалар тараттық. Сондай-ақ, облыс және аудан орталықтарында арнайы штабтар құрылды.
Бұдан бөлек, бүгіндері тұрғындардың өтініштерін қабылдайтын бірыңғай анықтамалық-диспетчерлік қызмет жұмыс істеуде. Бұл мақсатқа алты бригада жұмылдырылған. Облыс бойынша 107 эвакуациялық қосын ұйымдастырылды. Оларда жылы киім, көмір, жанармай қоры жеткілікті. Есіл өзені тасыған жағдайда Петропавл қаласының шеткі аудандарының тұрғындары №12, 13 және 14 орта мектептерге уақытша орналастырылатын болады.
Алдын ала болжам бойынша сәуір айы жауын-шашынды болады деп күтілуде. Сондай-ақ, алдағы екі аптаның ішінде ауа райы жылып, кей жерлерде сынап бағанасы 20 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Бүгінгі күні Есіл өзені мен оның салаларындағы судың мөлшері тәулігіне 1-2 сантиметрге көтерілуде.
Мейрамбек ҚАЛИЕВ,
Мамлютка қаласының тұрғыны:
– Төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын ойдағыдай жүргізуге департаментте мамандар мен арнайы техника, басқа да құрал-жабдықтар жеткілікті ме?
– Су тасқынының алдын алу және оның зардабын жою жұмыстарына облыс бойынша азаматтық қорғаныстың 16 қызметі және 14 жедел әрекет ету жасағы жұмылдырылатын болады. Жасақтың жеке құрамы 1359 адамнан тұрса, оған барлығы 1170 техника бекітілген. Олардың еншісінде 345 су сорғыш техника мен 79 жүзу құралы бар. Облыс орталығы мен аудандарда инертті материалдар және жанар-жағармай қоры дайындалды. Сонымен қатар аудандарда 700-ге жуық техника тасқын суға қарсы күреске дайын.
Сәуір айының алғашқы онкүндігінде ауа райының күрт жылынуына байланысты ойпат жердегі тасжолдың 291 учаскесі, көпірлер, су өткізгіш құбырлар мен су тораптары бақылауға алынды. Қазіргі уақытта департаменттің 240 маманы тәулік бойы кезекшілік атқаруда.
Динара ЖАЛБЫРҚЫЗЫ,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Есіл ауданында Үлкен және Кіші Тораңғұл деген көлдер бар. Жыл сайын оларға жақын қоныстанған үйлерге су кіру қаупі туындайды. Көлдің деңгейін төмендету, төтенше жағдайдың алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қауіпті деп саналатын су айдындары департаменттің жіті назарында. Мамандарымыз аудандық әкімдіктермен бірлесіп елді мекендерде топырақ үйіп қорғану, арықтар салу, шұқырлар қазу және оларды тереңдету, су ағатын құбырлар орнату, сондай-ақ, облыс аумағындағы өзен-көлдердегі судың деңгейін төмендету жұмыстарын атқарды.
Есіл ауданындағы Үлкен Тораңғұл және Новопокровка ауылының шығыс бөлігінде орналасқан Кіші Тораңғұл көлдері арнасынан асса тұрғындарға, шынымен де, қауіп төндіруі мүмкін. Әсіресе, соңғысының су деңгейі көтерілсе, ауылдағы 45-50 үйге қауіп төнеді. Сондықтан биыл көлдің деңгейін төмендету мақсатында су ағатын арналардың 27 шақырымы тазартылып, тереңдетілді. Көл маңынан ұзындығы – 50, биіктігі мен ені 5 метрлік бөгет тұрғызылды.
Қазіргі таңда Шал ақын ауданындағы Сергеевка су қоймасы 93 пайызға толып, оның деңгейі тәулік сайын 2 сантиметрге көтеріліп жатқанын да айтып өткен жөн. Су мөлшері артқан Шағалалы өзенін де бақылауға алдық. Қалың қардың еруінен Есіл өзені де біртіндеп көтеріліп келеді. Осы себепті облыста күшейтілген жұмыс режімі жарияланып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына ерекше назар аударылуда.
Апаттың алдын алу мақсатында облыстық жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқарманың мамандары қала мен аудандарда су тасқынына 17 мың құм салынған қапшық, 6390 тонна сазбалшық, 13013 тонна қиыршықтас, басқа да инертті және құрылыс материалдарын, 114 тонна жанар-жағармай, дәрі-дәрмектер қорын дайындады.
Мұрат АХМЕТОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Уақытында шығарылмаған қар да көктемгі су тасқынына ұрындырады. Бұл жұмыстар мен тұратын “Ойқала” шағынауданында биыл сылбыр жүргізілді. Ал енді бүгінгі күні еріген қар суы көшенің әр жеріне жиналып, аяқ аттатпайды. Бұл мәселе бойынша көмек бере аласыздар ма?
– Қар шығару жұмыстарына 10 коммуналдық кәсіпорын, азаматтық қорғаныстың 16 қызметі және 14 жедел әрекет ету жасағы жұмылдырылған болатын. Тек облыс орталығының өзінен қыс айларында – 600 мың, ал ауылдардан 800 мың текше метр қар шығарылды. Ендігі кезекте еріген суларды сору жұмыстары жүргізілуде. Бүгіндері автомобиль жолдарындағы су өткізгіш құбырлар толығымен тазартылды. Сондай-ақ, ауылішілік құбырлар, арықтар мен су ағарлар да ұмыт қалған жоқ. Қазір қалалық коммуналдық қызметтер қызыл су басуы мүмкін Жұмысшы кенті, “Береке”, Ойқала шағынаудандарында суағарлардың мұзын жарып, ыстық бумен ерітіп жатыр. Тұрғындардан тәулігіне 25-30-ға жуық шақырту түседі. Бұл жұмыстарды 11 техника мен 40-тан астам адам атқаруда. Аққайың ауданындағы Смирново, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаево, Возвышенка және Беняш, Қызылжар ауданының Прибрежное, Боголюбово, Тепличное және Бәйтерек, Есіл ауданындағы Горное ауылдарында және Мамлют ауданының орталығында да осындай мақсатты жұмыстар қолға алынды. Бүгінгі күнге дейін 230,4 мың текше метр су сорылды.
Әйбек МЫРЗАХМЕТОВ,
Тайынша ауданының тұрғыны:
– Сақтық шаралары қолға алынғанымен, өңіріміздің бірқатар елді мекендеріндегі жолдарды және Петропавл қаласындағы Заречный кенті мен Былғары зауыты шағынауданында орналасқан тұрғын үйлер мен саяжайларды жылда су басады. Биыл да бұл жағдай қайталануы мүмкін бе?
– Біз биыл наурыз айы басталысымен айтып келмейтін апаттың зардабын азайту, елді мекендерді қорғау, адам, мал шығынын болдырмау, тұрғындардың қалыпты өмір сүруіне жағдай жасау бойынша дайындық шараларын үш мәрте пысықтадық. Көктемгі су тасқынының алдын алуға арналған “Көктем – 2019” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шарасы аясында құтқарушылардың кәсіби даярлығы тексерілді. 233 құтқарушы мен 46 арнайы техниканың даярлығы облыс орталығындағы “Ойқала” шағынауданында, “Заречный”, Жұмысшы кентінде және Мамлют ауданында орын алған “төтенше жағдай” барысында сыналды. Штаб жетекшісі, Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Марат Күлдіков даярлығымызды жоғары бағалағанын атап айтқым келеді.
Табиғат тосын мінез танытқан жағдайда Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарынан қосымша күш тартылатын болады. Атап айтқанда, екі эшелонмен жалпы 253 мамандандырылған құтқарушы, 42 арнайы техника және 10 жүзу құралы жеткізіледі.
Биғайша ОМАРОВА,
Қызылжар ауданының тұрғыны:
– Бізді Қызылжар ауданындағы жағдай алаңдатып отыр. Былтыр Есіл өзенінің бойында орналасқан Бәйтерек, Тепличное, Соколовка, Долматово ауылдарын су басты. 2017 жылы қалаға жақын орналасқан Прибрежное ауылының жолын су шайып, шаһарға қайықтың көмегімен қатынадық. Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің мамандары және жергілікті атқарушы органдар осыны ескеріп отыр ма?
– Есіл өзенінің бойында орналасқан Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек, Тепличное, Соколовка, Долматово ауылдарында, Петропавл қаласындағы Заречный кентінде облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандарынан және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен жедел топтар құрылды. Олар осы жерлерде тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Егер су тасқыны туындай қалған жағдайда арнайы топ дер кезінде сақтық шараларын қолға алады.
Жақында Қызылжар ауданындағы Соколовка мен Большая Малышка елді мекендерін жалғайтын көпірді су шайып кетті. Оған осыдан екі жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда, биыл ол сыр бере бастады. Қисайған көпір көктемгі тасқын кезінде су астында қалады деген болжамға сәйкес екі ауылды байланыстыратын өткелді жабуға мәжбүр болдық. Жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі үшін осындай қадамға бардық. Қазіргі уақытта тұрғындар айналма жол арқылы қатынап жүр. Екі ауылдың арасын жалғайтын өткел тек биылғы шілде айына қарай қалпына келтірілетін болады.
Мейрам ЕСМАҚАНОВ,
Уәлиханов ауданының тұрғыны:
– Ауданымыздағы екі ауылға қызыл су келгенін естіп жатырмыз. Бұл елді мекендер тұрғындарын құтқару жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Қазіргі уақытта Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан жылдағы мөлшерден артық көлемде су жіберіліп жатыр. Соның салдарынан Сілеті өзені суының деңгейі көтерілді. Нәтижесінде Уәлиханов ауданының Қулыкөл мен Қаратал ауылдарында күрделі ахуал қалыптасты.
Төтенше жағдайға байланысты елді мекенде жедел штаб құрылып, тұрғындарды қауіпсіз жерлерге орналастырудың, азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтудың жолдары ойластырылды. Дәл осындай төтенше жағдай осыдан бес жыл бұрын орын алған болатын. Бір мыңға жуық тұрғыны бар елді мекендерге департаменттің жедел тобы жіберілді.
Үш күннің ішінде елді мекендерге үш бекет қойылды. Жалпы 42 адам қауіпсіз жерге жеткізілсе, олардың 33-і көрші ауылдағы орта мектепке орналастырылды. Сондай-ақ, 1184 қара мал мен 758 жылқы құтқарылды. Мамандар 50 шаршы метр аумақта мұз кесті. Сонымен қатар Қаратал ауылында ұзындығы 2500 метрді құрайтын қорғаныс үйінділерін нығайту жұмыстары жүргізілді.
Кешеден бері Сілеті су қоймасынан жіберіліп жатқан судың мөлшері азайды. Нәтижесінде Қулыкөл мен Қаратал ауылдарында судың деңгейі соңғы тәулікте 32 сантиметрге төмендеді. Бүгіндері елді мекендердегі жағдай тұрақты.

 

Дайындаған  Қанат АТАМАНОВ,  “Soltústik Qazaqstan”.

Ауылдар бақылауға алынды

Су тасқынына байланысты қауіпсіз жерге көшірілген Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл және Қаратал ауылдарының тұрғындары бүгінгі күні баспаналарына орала бастады. Бірнеше күннен бері ауылішілік көшелерде су сору жұмыстарын жүргізген арнайы мамандар жолды қалпына келтіруге кірісті.
Ал жалпы облыс бойынша жағдай қалай?
– Қазіргі таңда Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы шағын өзендерде су деңгейінің көтерілгені байқалады. Ағын су Шал ақын ауданындағы Сергеевка су қоймасына жетті. Қазір су гидроторап жотасынан 31 сантиметрге асты. Ал кешегі күні бұл көрсеткіш – 47 сантиметр, – деді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Рамиль Камалов.
Соңғы күндері Шағалалы су қоймасынан да су жіберу жұмыстары жүргізілген еді. Соның салдарынан Бірлік-Заречное ауылдарын жалғайтын жол мен су өткізгіш құбырларды су шайып, қызыл су аудан орталығының шетіндегі аулаларға жақындап қалды. Оқиға орнына Ақжар ауданынан мамандар мен арнайы техникалар, су сорғылары мен мотопомпылар жеткізілді. Қазіргі уақытта құтқарушылар Шағалалы өзенінің бойында орналасқан Теңдік және Қантемір ауылдарын бақылауға алды.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp