«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКТЕМ КЕЛЕР НҰРЫН АЛЫП…

Наурыздың алғашқы жексенбісінде Петропавл тұрғындары қыспен қоштасу мерекесіне жиналды.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Сол күні талтүсте қаланың Орталық алаңына мәдениет және демалыс саябағы жағынан жар салған жарапазаншылар шеруі жол тартты. Алдар көсе және орыс халқының ғұрпындағы күлдіргіштер жар салып, жұртшылықты қысты ұзатып салуға, көктемді қарсы алуға шақырды. Күлдіргіштердің бірі – қыстың, екіншісі – көктемнің бейнесінде.

Бес бөліктен құралған концерт ұсынылды. Алғашқысында “Звонница-Наследие” тобы бірнеше ән орындады. Оның әуендерін “Арт-Думан” вокал тобы іліп әкетіп, “Жаным менің”, “Бара алмадым” әндерін әуелетті. Концерттер беріліп жатқанда халайыққа тәтті-дәмді тағамдар ұсынылып, жиналғандар құймақ жеп қарқ болды. Енді сахнаға “Шестое чувство” және “Самғау” топтары шықты.

Ортадағысы көсем салына жегілген үш атты жұптаған шанамен көктем бейнесіндегі арулар ән салып жетті. Әдеттегідей, сырнайшы саз төгіп келеді. Ал сол маңда білекті жігіттер арқан тартысып жатса, сырықпен адымдап, жұрттың төбесінен қарайтын сайқымазақтар әндете өте берді. Осы сайысқа жетпіс сегіздегі ақсақал Қасым Мусин де қатысып, сырықпен жүріп қана қоймай, би де биледі. Сол үшін ол жеңімпаз болып танылды.

Жігіттер мен қыздардың бірнеше жұптары құймақ асау сайысына түсті. Оның мәнісі былай: қыздың қолындағы ыдысқа бес құймақ салынған. Жігіт оны қолымен ұстамай, асау керек. Бұл көрініс жұртшылықты қыран-топан күлкіге кенелтті.

Салтанаттың соңында Масленницаның тұлыбы өртеніп, сайқымазақтар, бал ашып жүрген сығандар, жастар жұптары оттан секіріп, қуанышқа бөленді.

СУРЕТТЕ: салтанаттан көрініс.

  Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp