«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКШЕТАУДАН ҚОНАҚҚА КЕЛІП, Тайыншада қарақшылық жасаған

2 желтоқсан күні Тайынша ауданының орталығында орналасқан “Шельф” автомай құю станциясына екі ер адам жүгіріп келіп, бет перде киген біреуі ауаға бір рет оқ атып, ақша талап еткен. Зәресі ұшқан оператор 133 мың теңгеден астам қаржыны ұстатқан. Қолдарына ақша тиген қылмыскерлер ізімғайым жоқ болады. Оператор бірден полицияға хабарласып, болған жағдайды айтады. Тайынша аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Серік Темірбеков аталмыш қылмыстың ізін суытпай ашу үшін жеке құрамды түгел жұмылдырды. Осының арқасында Чкалов ауылдық полиция бөлімшесінің басшылығы кешке аталмыш ауылда бейтаныс “Мерседес” көлігінің жүргендігі туралы ақпаратты хабарлайды. Мұны негізге ала отыра Астана, Көкшетау қаласында тұратын осы ауылдың тумалары тексеріле басталды. Аталмыш жұмыстың нәтижесінде Көкшетау қаласында жұмыс істеген тайыншалық жедел тергеушілер “Комбат” күзет агенттігінің 31 жастағы жүргізушісін және №1 өрт сөндіру бөлімінің 29 жастағы қызметкерін анықтады. Олардың екеуі де Тайынша ауданының тумалары және жерлестерінің иелігіндегі “Мерседес” машинасымен келген.

Аталмыш көлікті тексерген кезде жедел тергеушілер тонау кезінде атылған “Grand Power” тапаншасын тапты. Тапанша жолаушылары қарақшылық жасағанынан хабарсыз екендігін танытқан көлік иесінікі болып шықты. Тайынша АІІБ-нің бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Қашағановтың айтуынша, ҚР ҚК-нің 179-бабы “Қарақшылық” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті ҚР ҚК-нің 132-бабы бойынша ұсталып, Көкшетау қаласының уақытша оқшаулағышында отыр.

Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp